Кредит алу қымбат: Пайыздық мөлшерлеме тағы көтерілді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
кредит қымбат
Кредит тағы қымбатттады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың сәуір айында Қазақстандағы банктер несие құнын қайта қарап, кейбір бағыттарда мөлшерлемелерді көтерді. Бұл туралы Ұлттық банктің жаңа есебінде айтылған.

Бизнеске берілетін кредиттің пайыз қандай?

Бизнеске теңгеде берілетін кредиттің орташа сыйақы мөлшерлемесі 19,0%-дан 19,1%-ға өсті. Шетел валютасында берілетін несиелер айтарлықтай қымбаттап, 6,5%-дан 7,2%-ға жеткен.

Бұл бизнестің қарыз алу шарттары біртіндеп қиындап жатқанын білдіреді. Әсіресе, валюталық қарыздар бойынша жүктеме артып отырэ

Тұтынушылық несие қымбат

Жеке азаматтарға берілетін кредиттің орташа пайызы да 21,4%-дан 21,5%-ға дейін көтерілді. Алайда, шетел валютасындағы несиелер, керісінше, біршама арзандап, 4,8%-дан 4,2%-ға төмендеген.

Бұл өзгеріс валюта нарығындағы тұрақтылыққа және банктердің ішкі теңгеру саясатына байланысты болуы мүмкін.

Мөлшерлемелердің өзгеруі — халық пен бизнес үшін несие алу жағдайының айнасы. Олар жоғарылаған сайын, қарыз алу қиындай түседі, бұл экономикалық белсенділікке де әсер етеді. Ал пайыздық мөлшерлеме төмендесе ақша айналымын жандандырып, тұтынушылық сұранысты арттыра алады.

Соңғы екі жылда елдегі кредит көлемі жыл сайын 20–30%-ға өсіп отыр. Қазірдің өзінде банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешек рекордтық көрсеткішке жетті — 42,8 трлн теңге.

Халықтың мойнындағы кредит артып барады

2023 жылдың көктемінде қазақстандықтардың жалпы қарызы 14,9 трлн теңге болған. Бір жыл өткен соң, 2024 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 19 трлн теңгеге жетіп, 22%-ға артты. Ал 2025 жылы бұл қарқын сақталып, 23,3 трлн теңгеге жетті.

Басқаша айтқанда, екі жыл ішінде халықтың қарызы шамамен 56% көбейген

Қазіргі таңда банктер мен микроқаржы ұйымдарының кәсіпкерлерге берген қарызы 19,5 трлн теңге шамасында. Бұл дегеніміз, тұтынушылық мақсаттағы несие кәсіпкерлікке берілген несиеден 3,8 трлн теңгеге артық екенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз