Қазығұртта мұғалім «оқушыға сексуалды сипатта әрекеттер жасады» деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Атажұрт ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 37 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімі 8-сынып оқушысына «көрінеу жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады»деген күдікке ілініп, қамауға алынды. Бұл туралы Курсивке оқушының ата-анасы айтып берді.
14 жастағы оқушы мен оның ата-анасы оқиға биыл 23 наурызда болғанын айтады. Одан алдын әлеуметтік желіде хәл-жайын сұрап хат жазып жүрген мұғалім оқушыны «Шымкентке қыдыруға шақырған». Түн ортасында оқушы үйінен жасырын кетіп, мұғалімнің жеке көлігімен жолға шыққан. Бірақ мұғалім Шымкентке емес басқа бағытқа кеткен.
«Адам жүрмейтін жерге көлігін тоқтатты. Екеуміздің сөйлесіп жүргенімізді ешкімге айтпа деді. Жазған хаттарын өшіруді сұрады. Содан кейін сөзі өзгере бастады. «Мен сені жақсы көремін» деді. Содан соң құшақтап, сүйді. Көкірегімнен, санымнан ұстады. Қолын қайтардым», – дейді оқушы анасымен бірге отырғанда Курсив тілшісіне.
Содан кейін оқушы қорқып, қарсылық білдірген. Мұғалімге үйіне жеткізуді сұраған. Бұл кезде оқушының үйінде жоқ екенін байқаған ата-анасы оны іздей бастаған. Үйіне қайтып келген оқушы мұны сырттай көрген ол қорқып сыныптасының үйіне қонып, таңертең үйіне қайтқан.
14 жастағы жәбірленуші отбасындағы бес баланың кенжесі. Анасы Гүлжауһан Медетбекованың сөзінше, қызының үйден шығып кеткенін байқамай қалған. Ол «мұғалім қызымның момындығын, өтпелі кезеңде екенін пайдаланды» дейді ашуланып.
«Бұл – кенже қызым. Жасы бар-жоғы 14-те. Тіпті шыбынға шақтырмай, асырап отырмын. Кімі бар дегендей тірлік жасағанына қапа болдым», – дейді оқушының анасы.
24 наурыз күні оқушының жоғалғанына байланысты ата-анасы полицияға арызданған. Медетбекова ұсынған құжатқа қарағанда, мұғалім ұсталып, қамауға алынған. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 122-бабы, яғни «Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау, сол сияқты көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу» бабымен іс қозғалған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
«Тергеуге шағымым жоқ, заңда көрсетілгендей жазасын алады деп сенемін», – дейді Медетбекова.
Ол қызының мінезі тұйықталып, өзгергеніне алаңдайды. Алғашында оқушы дәм татпай, далаға шығудан қалып оқшауланып қалған. Онымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Мектеп әкімшілігі сабақты онлайн оқуға көшірген.
«Онсыз да жәбір көрген қызыма мектептің екі мұғалімі келіп болған жай туралы тіпті ата-анаңа да айта берме депті. Оны кейін білдік. Мұғалімдер қазір өздерін өздері қорғап әлек. Өздерін өздері қорғай беретін болса, оқушылар қайда қалады? Менің түсінігімде бұл қорқытқанға жатады», – дейді оқушының анасы.
Мектеп әкімшілігі мұғалім мен оқушы арасындағы болған оқиғадан хабардар. Қазір тергеу жүріп жатқанын, күдікті 16 жылдан бері дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істегенін айтады. Отбасылы, кәмелет жасқа толмаған 5 баласы бар дейді. Әріптестері «бұған дейін мұғалімнің теріс қылығын байқамаған». Ал «мұғалімдердің оқушыға қысым жасады деген» арызға байланысты олар тергеуге шақырылған.
«Оқушыға педагогикалық, психологиялық көмек қажет. Сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір жұрттың бәрі біліп отыр. Мектептегі құрбы құрдастары да біліп отыр. Сондықтан жұрттан алшақтау ұстайды өзін. Қыркүйектен бастап қалыпты жағдайда оқуға тартамыз», – дейді Курсивке Б.Момышұлы атындағы мектеп директоры Досбол Жамалов.