
Астанада өткен Alash Pride FC 108 турнирінде Қазақстанның танымал спортшылары – Дамир Исмағұлов, Арман Оспанов пен Қайрат Ахметов жанкүйерлердің назарын өзіне аударды.
Исмағұловтың жарқын жеңісі
Кештің басты жекпе-жегі – Дамир Исмағұлов пен UFC-дің бұрынғы файтері, бразилиялық Алан Патрик арасындағы жекпе-жек болды. Бес раундқа жоспарланған айқас екінші раундта-ақ аяқталды. Дамир қарсыласына бірнеше жойқын соққы жасап, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Оспанов пен Барао: мықтылар тең түсті
Кештің тағы бір маңызды сәті – грэпплинг ережелері бойынша өткен Арман Оспанов пен UFC-дің бұрынғы чемпионы Ренан Барао арасындағы жекпе-жек. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде жеңімпаз анықталмады – есеп тең аяқталды. Айта кетейік, Арман соңғы рет ММА ережелері бойынша 2022 жылдың қаңтарында француз файтері Дилан Сальвадордан жеңілген болатын. Ал Барао соңғы ММА жекпе-жегін 2023 жылдың қазанында өткізіп, костарикалық спортшы Вальтер Саморадан ұтылған еді.
Ахметов пен Сехудоның айқасы
Тағы бір тартысты грэпплинг кездесуде Қайрат Ахметов пен UFC жұлдызы Генри Сехудо күш сынасты. Бұл кездесуде америкалық спортшы 8:5 есебімен басым түсті. Еске салсақ, Қайрат Ахметов соңғы ММА жекпе-жегін 2023 жылдың мамырында өткізіп, Рис Макларенді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Ал Сехудо биылғы ақпанда UFC Fight Night 252 турнирінде Қытайдың Ядун Сун есімді спортшысынан техникалық шешіммен жеңіліп қалған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін UFC белбеуі үшін Шавкат Рахмонов пен Белал Мухаммад жекпе-жегі туралы жазған едік.