HBO Хәрри Поттер туралы жаңа сериалының актерлерін таныстырды

Жарияланды 28 Мамыр 2025 08:47

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
HBO Хәрри Поттер туралы сериалының актерлерін таныстырды / фото: bbc

HBO Original студиясы Хәрри Поттер туралы жаңа сериалдың басты кейіпкерлерін сомдайтын актерлер құрамын жариялады. Warner Bros. Discovery баспасөз хабарламасына сәйкес, Хәрри Поттердің рөлін Доминик Маклафлин орындайды. Ал оның адал достары Рон Уизли мен Гермиона Грейнджерді тиісінше Аластар Стаут пен Арабелла Стэнтон сомдайды.

Сериалдың кастинг директоры Франческа Гардинер:

«Көп ізденістен кейін біз Хәрримізді, Гермионамызды және Ронымызды тапқанымызға қуаныштымыз. Бұл үш ерекше актердің таланты таңғалдырады. Олардың экрандағы бірлескен сиқырын көрермендер асыға күтеді деген сенімдеміз».

Айта кету керек, бұл үш жас актер бұған дейін Хәрри Поттер әлемінде танымал болған Дэниел Рэдклифф, Эмма Уотсон және Руперт Гринттің рөлдерін қайта жандандырады.

Warner Bros. Discovery хабарлауынша, кастингке 30 мың бала қатысқан.

Бұған дейін режиссерлер Хогвартс мектебінің директоры Альбус Дамблдор рөлін Джон Литгоуға, Минерва Макгонагаллды — Джанет Мактирге, ал профессор Северус Снейпті — Паапа Эсидуға сеніп тапсырғанын хабарлаған. Жобаның атқарушы продюсері — кітап авторы Джоан Роулингтің өзі.

HBO бұл сериалды Джоан Роулингтің түпнұсқа кітаптарының «нақты экранизациясы» болады деп мәлімдеді. Онда кітаптағы сюжет желілері тереңірек ашылып, фильмдердегі уақыт шектеулерінен арылмақ.

Сериалдың түсірілім жұмыстары 2025 жылдың жазында Ұлыбританиядағы Warner Bros. Studios Leavesden павильонында басталады. Ал алғашқы маусымның премьерасы 2026 жылы HBO Max платформасында өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қазіргі күнге дейін Хәрри Поттер туралы сегіз толықметражды фильм түсірілген.

Сондай-ақ оқыңыз