Әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үй беру тәртібі қатаңдайды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Үй кезегі
Әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үй беру тәртібі өзгереді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Қаражатты қолма-қол ақшаға аудару қиындайды

Заң жобасына сәйкес әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жалға берілетін және қызмет соңында тұрғын үй беру тәртібі өзгереді.

«Заң жобасы шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етуде бірқатар жаңа тәсілдер ұсынылады, оларды іске асыру бөлінетін бюджетті ұтымды және біркелкі пайдалануға, тұрғын үй төлемдері тетігімен барлық күш блогын бірдей қамтуға мүмкіндік береді», дейді заңды таныстырған депутат Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың айтуынша, қазіргі күні мемлекет қызметкерлерге тұрғын үйді жалға алуға және жөндеуге беретін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру оңай. Бақылау тетігі жоқ. Ал жаңа нормалар осы олқылықтардың орнын жабады. Бұл норма қызметкерлерді баспана алуға ынталандыру арқылы ұзақ мерзімді жалға алуды тиімсіз етпек.

«Бұрын қызметкерге тұрғын үйді ұзақ уақыт жалға алу, ал несиені қызмет өткеру мерзімінің соңына қарай рәсімдеу тиімдірек болатын. Енді жалдаудың ең ұзақ мерзімі сегіз жылдан аспауы керек, бұл мемлекетке жүктемені 3-4 есе азайтады. Әрі бұл орасан зор қаражат», – дейді депутат. 

Әскерилер артық ақшаны қайтарады

Жаң нормалар тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін тұрғын үй алаңына 90 шаршы метрден аспайтындай етіп шектеуді көздейді. Депутат қызметкерлер мемлекеттен көмек ретінде берілетін қаражатты баю тәсілі деп қарастырмау керек екенін айтады.

Сонымен бірге өзгерістер әскерилердің де біржолғы тұрғын үй төлемдеріне де әсер етеді.

«Қолданыстағы нормалар бойынша еңбек өтілін ескере отырып, әскери қызметші жұмыстан босатылған кезде біржолғы тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл орташа есеппен 30 млн теңге. Бұл сома толық көлемде төленеді, тіпті егер оның ипотекалық балансы небәрі 5 млн болса да, бұл бюджеттің қисынсыз шығындарына әкелді. Енді тек ипотека өтеледі, ал артығы мемлекетке қайтарылады», – дейді Амантайұлы.

Заң жобасы үй алуды қиындатып қана қоймай, сонысен кейбір шарттарын жеңілдетпек, Мәселен, 20 жылдан астам еңбек сіңірген барлық қызметкерлерге тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы берілмек. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне берілетін.

«Түзетулер қолданыстағы алушылардың құқықтарына әсер етпейді. Инновация жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін қызметке кіретіндерге қолданылады», – деп ескертті депутат.

Сондай-ақ оқыңыз