Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайдың әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Берденовке оқ атқан
Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайдың әйелі алғаш рет оқиғаға қатысты пікір білдірді / Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайдың әйелі Луиза Алданова алғаш рет оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Көпшілігіңіз біздің отбасымызға қатысты болған оқыс жағдайдан хабардарсыздар.
Осы қиын кезеңде мені іздеп, уайымдап, отбасымыз үшін дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жандарға алғысымды айтамын. Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар», – деп жазды күдіктінің жары өзінің әлеуметтік парақшасында.

Алданова өз отбасының әкім орынбасарының өмірі үшін алаңдағанын, аман-есен жазылып шыққан соң елге қызметін жалғастырады деген тілегін жеткізген.

«Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз», – делінген жазбада.

Ернар Жиембай туралы

Луиза Алданова жолдасын көпшілік отбасын бірінші орынға қоятын қарапайым азамат ретінде танитынын жеткізді. Күйеуінің Берденовке оқ атқанын үлкен қателік болғанын да айтқан.

«Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен», – деп жазады ол.

Алданова жарының мұндай жағдай түскенін тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын, оқиғаға барынша сабырмен қарап, бір құдайға тапсыратынын айтқан. Ал өзіне және Берденовке қатысты тараған алып-қашпа әңгіменің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.

«Сондай-ақ осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық», – дейді Алданова.

Шымкент әкімдігі жанындағы атыс

Еске сала кетсек,21 сәуір күні Шымкент әкімдігінің жанында атыс болып, әкім орынбасары Руслан Берденовтің жараланғаны хабарланды. Оқиға орнында болғандар Берденовтың жүргізушісі құтқарып қалғанын, күдіктіні ұстауға көмектескенін айтады.

Бұл оқиғадан соң, атысқа себеп болған түрлі нұсқадағы алып-қашпа әңгімелер тарай бастады. Біреу жұмыс барысында келіспеушілік туындағанын айтса, енді бірі Берденовтің күдіктінің жарына көз салғаны туралы айтты.

Артынша Берденовтің таныстары мен Жиембайдың туыстары тарап жатқан ақпараттың барлығы шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев бұл жағдай ауыр соққы болғанын, бұл жағдайға еш қатысы жоқ келінін араластырмауды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз