Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін – Мәжіліс заңды мақұлдады

Қыз алып қашқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәжілісте заңнамаға өзгерістер енгізу туралы депутаттардың ұсынысы қаралып, мақұлданды.
Қыз алып қашу қылмыстық санатқа көшірілді
Енгізіліп отырған нормаларға сәйкес қыз алып қашу енді қылмыстық санатқа жатқызылып, мұндай әрекетке барған адам сотталуы мүмкін. Бірақ бұл елде қыз алып қашуға мүлде тыйым салынады дегенді білдірмейді. Қыздың келісімімен алып қашу қылмыс деп саналмайды. Бұл туралы депутат Абзал Құспан айтты.
«Дәстүрімізде бар, өзара таныс-біліс, өзара келісіммен алып қашуға бұл заңның қатысы жоқ. Бұл жерде қыздың өз еркінен тыс, мәжбүрлеп, тіпті күш қолданып, алып қашуға қатысты мәселе қозғалып отыр», – деді депутат.
Заң нормасына сәйкес, қыз алып қашқандар жазасы жеңіл болса, айыппұлмен құтылады. Егер бұл қылмыс топ болып жасалса, ауыр қылмыс деп саналады. Ал қыздың денсаулығына қандай да бір зиян келген болса, аса ауыр қылмыс деп бағаланып, жазасы қатаңдайды. Қылмыстың ауырлығына қарай 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Ақтауға болмайтын заңсыздық»
Депутаттар заңнамаға түзетулерді қабылдаған соң, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып, қыз алып қашуға қатысты өз пікірін білдірді.
«Бұл заң бірінші кезекте қарындастың тағдырына, мәпелеп отырған қыздарымыздың тағдырына, болашақ аналардың тағдырына байланысты. Өздеріңіз білесіздер соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп кетті. Бұл адамның құқығы мен еркіндігін өрсекел кемсіту. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «бұл ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық тіпті масақара тірлік деп» баға берген болатын», – деді Мәжіліс спикері.
Қыз алып қашуға қатысты қанша жағдай тіркелді?
Қошанов елдегі мәжбүрлеп қыз алып қашуға қатысты статистикамен де бөлісті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жетеді.
«Соңғы 5 жылда осындай 256 жағдай тіркелген. Соның тек 5-і сотқа жеткен. Көп жағдайда бұл жайт заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі. Ал көршілес елдер – Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанның қылмыстық кодекстерінде некелесу мақсатымен қыздарды алып қашқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты депутаттар ондай әекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін түзетулерге бастамашылық жасады. Бұл шара осындай әркеттерге толыққанды құқықтық баға беруге сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қылмыстық озбырлықтан қорғауға мүмкіндік береді», – деді Қошанов.
Айта кетсек, қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілгелі жатқаны туралы KursivMedia басылымы жазған. Ол кезде 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін екенін айтылған еді.