Педагогтер еңбек демалысы және оның ақысы туралы маңызды ақпарат

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Министрлік педагогтер еңбек демалысын уақтылы беруге, жәрдемақыларды да кешіктермей төлеуге шақырып отыр / фото: shutterstock
Министрлік педагогтер еңбек демалысын уақтылы беруге, жәрдемақыларды да кешіктермей төлеуге шақырып отыр / фото: shutterstock

Педагогтер еңбек демалысы туралы маңызды ақпарат жарияланды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оның ұзақтығы – 56 күн.

«Педагогтер үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі – жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу уақытының ұзақтығын белгілеу. Оның ұзақтығы – барлық педагог үшін 56 күнтізбелік күн», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қосымша демалыс кімдерге беріледі?

Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі. Оның 2 түрі бар. Атап айтқанда, негізгі және қосымша еңбек демалысы.

Қосымша демалыс барлық мұғалімдерге берілмейді. Тек қана экологиясы нашар аймақтарда тұратын педагогтерге қарастырылады. Оның ұзақтығы – 7 күннен 12 күнге дейін.  Ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын мұғалімдер 5 күннен 14 күнге дейін демала алады.

Мереке күндері демалыс уақытына түссе, ол еңбек демалысына кірмейді. Еңбек демалысында нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.

Ақылы еңбек демалысы қалай төленеді?

Еңбек демалысы кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы көлемінде төленеді.

«Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі. Мұнда қосымша ақылар мен үстемеақылар есептелмейді», – дейді Бюджеттік жоспарлау департаменті Еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанова.

Сондай-ақ, қызметкер толық емес жұмыс уақытынде жұмыс істесе, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қысқармайды. Демалыс толық беріледі.

Қосымша жұмыс істегендердің ақысы төлене ме?

Педагог қосымша жұмыс немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін қоса атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы мұғалімге негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді.

«Педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі тиіс», – делінген министрліктің ақпаратында.

Жауапкершілік кімде?

Министрлік ұстаздардың еңбек құқықтарын қатаң сақтауға шақырып отыр. Жыл сайынғы еңбек демалысын уақтылы беруге, жәрдемақыларды да кешіктермей төлеуге шақырып отыр.

Сонымен қатар, осы талаптарды орындауға әр мектеп – әрбір білім беру ұйымы дербес жауапкершілік көтеретінін ескертті. Педагогтер еңбек демалысы лайықты болуы қажет.

Айта кететін жайт, оқу жылының бітуіне аз күн қалғанда мектептерге комиссия келіп жатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз