Путин отпен ойнап жатыр – Трамп ашулана бастады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Путин отпен ойнап жатыр» деген Трамптың сөзіне Дмитрий Медведов үшінші дүниежүзілік соғыс жөнінде ескерту жасады / фото: shutterstock
«Путин отпен ойнап жатыр» деген Трамптың сөзіне Дмитрий Медведов үшінші дүниежүзілік соғыс жөнінде ескерту жасады / фото: shutterstock

«Путин отпен ойнап жатыр» деп мәлімдеді Трамп. АҚШ президенті Ресей басшысына қатты қатулы көрінеді. Себеп – уәдесін орындамауы.

Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлескен кезде, Ресей президенті бірнеше күннің ішінде «Бейбітшілік туралы меморандум» әзірлеп, Ақ үйге жіберуге сөз берген.

Кремль уәдесін орындамаған

CNN ақпаратына қарағанда, онда соғысты аяқтау туралы Мәскеудің талаптары көрсетілуі тиіс еді.

Алайда,  Кремль осы уақытқа дейін ешқандай құжат жібермеген. Бұл Трамптың шамына қатты тиген.

Ол Ресейге қарсы тағы да қатаң санкция салуды ұйғарыпты. Соңғы бірнеше аптада Мәскеуді жазалау мақсатымен бірнеше шара әзірленген. Әзірге оны Трамп мақұлдамады.

«Өте жаман нәрселер»

Трамптың пікірінше, АҚШ-тың бейбіт бастамаларына қарамастан, Путин отпен ойнап жатыр.

«Ол көп адамды өлтіріп жатыр. Оның несі бар екенін мен білмеймін. Сайтан алғыр, оған не көрінді?» – деген еді өткен жексенбіде Трамп.   

Енді Truth Social постында АҚШ президенті:

«Владимир Путин мен болмасам, Ресей жаман нәрселерге тап болатынын түсінбей отыр. Мен өте жаман нәрселерді меңзеп отырмын. Ол отпен ойнап жатыр», – деп жазды.

Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведов те қарымта жауап жазды.

«Шын мәнінде жаман нәрсені білемін. Ол – Үшінші дүниежүзілік соғыс», – деп мәлімдеді ол.

«Атысты тоқтатыңдар»

АҚШ шенеуніктері оның бұл қоқан-лоқысынан ықпайтынын көрсетті.

«Үшінші дүниежүзілік соғыс деп қорқыту – сәтсіз, жауапсыз комментарий. Әлемдік державаға лайықты емес. Президент Трамп бұл соғысты, қан төгісті тоқтату үшін жұмыс істеп жатыр. Біз Ресейден өздері уәде еткен меморандумды күтіп отырмыз. Атысты дереу тоқтатыңдар», – деп жазды Х әлеуметтік желісіне Келлогг.

Трамп еуропалық әріптестеріне АҚШ-тың Ресейге қарсы қатаң шараларға баруы мүмкін екенін меңзеген.

Мұның алдында Путиннің Трампқа «украиндар Қызыл алаңды атты» деп шағымданғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз