Ақмешіт бекінісін басып алу жайлы тарихи шындық жазылған кітап жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

XIX ғасырдағы патша империясының экспансиясы кезіндегі алғашқы үлкен қақтығыс Ақмешіт бекінісінде болды. Сол жылы генерал Перовскийдің басшылығымен Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) бақылау орнады. 170 жыл өткеннен кейін сол қақтығыс жайлы шынайы тарихи фактілер берілген «Путешествия по казахским степям и Туркестанскому краю» атты кітап шықты.

Бұл еңбекті алғаш рет 1870 жылы Ақмешітке барған әскери экспедиция құрамында болған генерал-лейтенант Алексей Макшеев жазған. Енді AmalBooks баспасынан Макшеев туындысы қайта басылып шықты.

Ол 1848, 1851 және 1853 жылдары осы қазақ даласы, оның ішінде Түркістан өңіріне жасалған экспедиция көрген-білгенін барынша мұқият сипаттайды. Еңбекте Ресей империясының шекаралық кеңістікті игеру үдерісі, әскери бекіністердің салынуы, әскерді жабдықтау, әскери жорықтар мен қазақ халқымен орнаған қарым-қатынас кеңінен жазылған.

Ең басты атап өтетін тұсы – 1853 жылы Ақмешіт қамалына жасалған шабуылды баяндау. Макшеев оның әскери мәнін ғана емес Ресейдің Орта Азияға қарай жылжуы жолындағы стратегиялық маңызын да жан-жақты жазып береді.

«Бұл еңбектің құндылығы Кенесары хан қаза тапқаннан кейін қазақ даласында болып жатқан күрделі процестердің кейбірін түсіндіріп береді. Осындай түпнұсқа дереккөздер арқылы біз өз тарихымызды тереңінен тани аламыз. Өз өткеніміз, шежіреміз жайлы мұндай еңбектер көп болуы керек», – дейді AmalBooks баспасының иесі, жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбай.

Еске салайық, осыған дейін тарихи оқулықтардың әзірленуі жайлы редакция атынан Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жібергенбіз. Ведомство тарихи еңбектер жазылғанда отандық зерттеушілер әзірлеген ұлттық мүддеге сай ғылыми көзқарастарға басымдық берілмек деп атап өтті.

Ғылым комитетінің дерегінше, Қазақстанның мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулықтар әзірлеу, ұлттық мүддені ескере отырып, мемлекеттік стандарт, үлгілік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады. Ол жұмыстарға ресейлік ғалымдармен қатар Қырғызстан, Иран және басқа елдердегі әріптестер де тартылады.

Сондай-ақ оқыңыз