Атырауда атыс болып, үш адам зардап шекті

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында белгісіз адам автокөлікке оқ жаудырды. Салдарынан үш адам жарақат алады деп жазады «Мой город».
Оқиға 27 мамырда болған. Белгісіз біреу «Subaru Outback» маркалы көлікке оқ атқан. Сол сәтте көліктің ішінде үш адам отырған, үшеуі де жарақат алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алғандардың барлығы аудандық ауруханаға жеткізілген. Олардың біреуі ауыр жағдайда болғандықтан, шұғыл түрде Атырау облыстық ауруханасына жөнелтілді.
«Жәбірленушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оларға шокқа қарсы және қан тоқтататын терапия жүргізілді, ауырсынуды басатын дәрілер берілді, оттегімен және инфузиялық терапиямен ем тағайындалды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кісі өлтіруге оқталған күдіктілерді іздестіріп жатыр.