«АзияАгроФуд» зауытының қоймасындағы жарылыстан кейін бес адам қайтыс болды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АзияАгроФуд
Фото: «АзияАгроФуд» сайтынан

«АзияАгроФуд» АҚ зауытының қоймасындағы жарылыстан кейін зардап шеккен төрт адам да ауруханада қайтыс болды. Бұған дейін жарылыс кезінде бір адамның көз жұмғанын жазған едік. Осылайша апат құрбандар саны бес адам болды.

Қызметкерлерінің қайтыс болғаны жайды «АзияАгроФуд» компаниясы сайтында жариялап, туған-туыстарына көңіл айтты.

«2025 жылғы 23 мамырда Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» АҚ-ның құрамажем зауытында орын алған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқаны туралы зор күйзеліспен және терең қайғымен хабарлаймыз. Бұл трагедия бүкіл компания үшін ауыр соққы болды. Біз тек қызметкерлерімізден емес, өз еңбегімен, адалдығымен және адами қасиеттерімен ұжым өмірінде өшпес із қалдырған жандардан айырылдық», – деп жазылған компания хабарламасында.

Қазір компания басшылығы құрбан болғандардың отбасына қолдау білдіруге тырысып жатыр. Сақтандыру төлемінен бөлек кәсіпорын қосымша қаржылай көмек береді. Сондай-ақ қаза болғандардың жерлеуіне қатысты шығындар мен олардың қарызын толық өтеп беруді компания өз мойнына алады. Әрбір отбасына психологиялық және заңгерлік көмек те көрсетілмек.

Осыған дейін Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылы маңында «АзияАгроФуд» зауытына қарасты астық қоймасында жарылыс болды. Оған ұн тозаңының тұтануы себепкер болған. Қайғылы жағдайдан бір адам қайтыс болып, төрт адам ауруханаға түскен.

«АзияАгроФуд» АҚ — 2005 жылы құрылған, астық өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын ірі қазақстандық компания. Компанияның құрылтайшылары: KazFoodProducts ЖШС және Айдархан Сәрсембаев. KazFoodProducts компаниясының негізгі бенефициары — Ерлан Баймұратов, оның байлығы 93 млн доллар шамасында бағаланады.

Сондай-ақ оқыңыз