Биньямин Нетаньяху ХАМАС жетекшісінің көзін жойғандарын мәлімдеді

Израиль премьер-министрі Газа секторында ХАМАС-тың жетекшілерінің бірі Мухаммед Синвардың көзін жойғандарын мәлімдеді Бұл туралы израильдік N12 телеарнасы мәлімдеді.
«Біз ХАМАС-тың басқару құрылымын жою жолында бетбұрыс кезеңге жеттік. Біз Мухаммед Синварды жойдық», – деді Нетаньяху.
Бұған дейін, 13 мамырда Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Хан-Юнис қаласындағы жерасты командалық пунктіне соққы жасаған. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, операцияның басты мақсаты — ХАМАС-ты және оның әскери қанаты «Иззэддин әл-Кассам бригадаларын» басқарған Синвар болған.
Былтыр Израильдің әскери күштері 27 қыркүйекте Бейрутқа жасалған әуе соққысы кезінде «Хезболла» қозғалысының көшбасшысы Хасан Насралланың көзін жойғанын мәлімдеген. Ол бұл ұйымды 30 жылдан астам уақыт басқарған.