Дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Парламент Мәжілісі дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.Себебі қазіргі заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ.
Қылмыстық заңда дропперлік – «банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралдарына рұқсатты заңсыз беру, аудару және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» үшін ғана қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Егер алаяқтыққа қатысты тергеу болса, дроппер куәгер ретінде келеді, ниеті дәлелденсе ғана алаяққа сыбайлас ретінде қаралады.
Мәжіліс ұсынысы бойынша:
- банк шотына заңсыз рұқсат бергені үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру
- банк шоты арқылы үшінші тұлғаның пайдасына заңсыз төлем жасағаны және ақша аударғаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру деген жаза қарастырылған
Ал «дропперлер» деп саналатындар банк есепшотын басқаруға рұқсатты заңсыз алғаны үшін жауапқа тартылады және жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Бұл ретте жаңа бапта мынадай ескерту бар: осы бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған, ол туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ осы құқық бұзушылықтың ашылуына немесе жолын кесуге белсене қатысқан адам, егер оның әрекеттерінде басқа қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады», – деп жазылған хабарламада.
Дроптар – банк картасы немесе шоттарды заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғалар. Дроп болу үшін халықтың осал топтарына жататын адамдарды тартады. Олар жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер болуы мүмкін. Дроптар жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.