Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгертіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Jusan Bank Банк атауын «Alatau City Bank» АҚ-қа өзгертіп жатыр. Бұл туралы банктің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Бұл өзгертулер осы жылы 15 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданды. Заңды түрде банктің атауы мемлекеттік қайта тіркеуден өткен күннен бастап өзгереді. 

«Банктің атауының өзгеруі – бұл атау жазылған маңдайшаның өзгеруі ғана емес. Бұл біздің стратегиямыздың, амбициямыздың және қаржы институтын одан әрі дамытуға қатысты көзқарасымыздың көрінісі. Alatau City Bank тұрақтылыққа, сенімге және ұзақмерзімді серіктестікке баса назар аудара отырып, Jusan Bank қалыптастырған берік іргетасқа негізделеді», — деді Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Куат Кожахметов.

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, бұл ребрендинг банк қызметі мен өнімдеріне әсер етпейді. Клиенттері алдындағы міндеттемелері өзгеріссіз қалады.

Jusan Bank – Қазақстандағы ірі банктердің бірі, активтер көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Осыған дейін Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким Jusan Bankті сатып алуға ниетті екенін хабарлаған.

2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, банк акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде, ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.

Сондай-ақ оқыңыз