Назарбаев мектебінен қуылған оқушы мемлекеттік мектепке ауысатын болды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Назарбаев мектебі дау

Емтиханға телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттаған оқушыны қайта Назарбаев мектебіне қабылдамайды. Бұл жайлы «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» ААҚ басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.

Жанғозин болған жағдайға қатысты оқушының өзі, ата-анасы және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізгенін айтты. Оған Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл де қатысқан.

«Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ», – деді ол жазбасында.

Жазбасында мұғалімдерге құрметпен қарау – мектеп үшін өзгермейтін және қатаң сақталатын талап болып қала беретінін атап өтті. Осы іске белсенді кіріскен барлық тараптарға алғысын айтты.

«5 жыл бойы мұғалімдер не істеген?»

Бұл іске қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова болған жағдайға педагогтың қатысы бар екенін ұмытпау керек дейді.

«Бұл жағдайда мектеп баладан кек алып, ары қарай оқытпау керек деп шешті. Өздері бұл мәселені толық шеше алмады. Ендеше педагогикалық жағынан, педагогтың конфликті шешу жағынан қарастыру керек шығар? Неге бір балаға түгел ұжым болып жабылды? Бес жыл бойы не істеді олар?», – деді ол кулуарда журналистерге.

Ол арадағы жағдайды бейбіт шешуге мұғалім де ықпал етуі керек деп есептейді.

«Мұғалімді жағдайды конфликтіге дейін жеткізбеу керек деп үйретеді. Ол оқушының төбесінен төніп тұрмауы керек, ол оқушымен бірге болуы қажет. Егер конфликті жағдай болса, өзінің педагогикалық этикасы мен тәжірбиесіне қарай балағат сөз айтатындай жағдайға жеткізбеу керек. Сен педагогика, психология, жастық физиологияны және конфликтологияны өттің. Сол мектепте бес жыл оқыған оқушымен жағдайды қалай ұрысқа дейін жеткізесің», – деді Ирина Смирнова.

Еске салайық, 26 мамырда емтиханға телефон алып кірген 11-сынып оқушысы емтихан жауабын жоямын деген мұғалімді балағаттаған үшін мектептен шығарылды. Көпшіліктің бұл істе пікірі екіге жарылды. Министрлік мәлімдеме жасап, педагог мәртебесі қорғалуы керек деп мұғалім жағына шықты. Кейін оқушының қатты күйзелістен ауырып, ауруханаға түскені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз