Тыйымға қарамастан ресейліктер Қазақстан арқылы елге Mercedes кіргізіп жатыр

Mercedes-Benz ресми түрде Ресейге көлік жеткізуін тоқтатқанына қарамастан елге осы марканың 19,2 мың машинасы кіргізілген. Оның ішінде 5%-ы Қазақстан арқылы өткен. Бұл жайлы «Автостат» агенттігінің директоры Сергей Целиков жазады.
«2022 жылғы наурызда ресми жеткізу тоқтағаннан кейінгі үш жылда Ресейге 19,2 мың жаңа Mercedes-Benz жеңіл көлігі әкелінген. Тіпті қазірдің өзінде елге ай сайын 500-ден астам жаңа көлік жеткізіліп жатыр», – дейді ол телеграм арнасында.
Көбінде мерседестер ТМД, Орталық Азия және Германия мен Оңтүстік Кореяден келеді екен. Олардың қатарында Қазақстан да бар:
- Белорусь (Ресейге жеткізілетін Mercedes-Benz көліктерінің 53%ы тиесілі);
- Қырғызстан(13%);
- Германия (10,6%);
- Оңтүстік Корея (6,7%);
- Эстония (6,5%);
- Қазақстан (5,1%);
- Түркия(3,5%);
- Армения (3,3%);
- Қытай(2,4%);
- Грузия (2%).
Ресейге әкелінген Mercedes-Benz көліктерінің 77%-ы Германияда шығарылған. Тағы 11,3%-ы — АҚШ-та, ал Қытайда жасалған «Мерседестердің» үлесі 3%-дан аз.
Ресейге жеткізілген модельдердің ішінде ең танымалы — G-Class (үлесі — 21%). Одан кейін GLE — 17%, GLS — 16%, ал төртінші орында S-Class — 13,5%. Целиковтың айтуынша, импортталған Mercedes-Benz көліктерінің 80%-дан астамы жеке тұлғалар атына рәсімделген, қалғаны — заңды тұлғаларға.