Мүфтият Құрбан айт қай күні басталатынын жариялады

Бүгін, 28 мамырда һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Соған байланысты Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді. 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Мүфтият) осылай деп хабарлайды.
Мүфтият мәліметінше, ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
«Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді», – деп түсіндірді діни басқарма.
Мүфтият зулхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек екенін ескертті. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза тұту – сүннет дейді басқарма.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет.
«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастырымыздың қажылығы қабыл болғай», – деп тілейді Мүфтият.
2025 жылы Құрбан айттың үш күні 6-8 маусым аралығына түсіп тұр. Бірінші күні жұмаға сәйкес келгендіктен, бес күндік жұмыста істейтіндер айттың үш күнінде қатар демалады. Ал алты күндік жұмыстағылар 6 маусымда демалып, 7 маусымда жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, діни басқарма Құрбан айт қарсаңында арнайы сайтты іске қосты. Азаматтар соның көмегімен онлайн және офлайнда құрбандық шала алады. Қой мен сиыр бағасы арнайы сайтта көрсетілген.