Құрбан айтқа арналған сайт іске қосылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мүфтият Құрбан айт қарсаңында qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты / фото: Мүфтият
Мүфтият Құрбан айт қарсаңында qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты / фото: Мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында арнайы сайтты іске қосты. Ол qurban.muftyat.kz мекенжайында орналасқан.

Діни басқарманың осы ресурсының көмегімен құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге болады.

«Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады», – деп хабарлады Мүфтият.

Басқарма мәліметінше, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.

«Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі», – деп түсіндірді діни басқарма.

Сайт мәліметінше, бір қойдың құны – 85 мың, ал ірі қара – 560 мың теңге деп бағаланған.

2025 жылы мұсылмандардың ұлық мерекесі — Құрбан айт маусымның басына түсіп тұр. Бұл күндері ізгі әрі сауапты іс көп жасалып, Аллаға жақындаудың амалы атқарылады.

2025 жылы Құрбан айттың үш күні 6-8 маусым аралығына түсіп тұр. Бірінші күні жұмаға түсіп тұрғандықтан, бес күндік жұмыста істейтіндер айттың үш күнінде қатар демалады. Ал алты күндік жұмыстағылар 6 маусымда демалып, 7 маусымда жұмыс істейді.

Құрбан айт Рамазан айында ораза аяқталғаннан кейін 70-ші күні келеді. Жыл сайын мереке күні күнтізбеге сәйкес, шамамен 10 күн алға жылжып отырады. Араб тілінен аударғанда мерекенің атауы «құрбандық шалу» дегенді білдіреді.

Мерекеде ұсақ малды құрбандыққа шалып, мұқтаж жандарға таратып беру қажет. Үш күн қатарынан болатын айтта алыс-жақындағы мұсылман қауымның үйіне барып, олардың дастарқанынан дәм татады. 

Сондай-ақ оқыңыз