Roland Garros 2025: қазақ теннисшілерінің бәрі бірінші турда жеңді

Жарияланды 28 Мамыр 2025 00:40

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Roland Garros жарысында төрт қазақ теннисшісі бірінші турда жеңіске жетті / фото: REUTERS/Yves Herman
Roland Garros жарысында төрт қазақ теннисшісі бірінші турда жеңіске жетті / фото: REUTERS/Yves Herman

Францияның ашық біріншілігі – Roland Garros жарысында Қазақстан теннисшілерінің бәрі бірінші турдан сүрінбей өтті. Сейсенбі күні Александр Бублик, Александр Шевченко және Юлия Путинцева жеңіске жетті.

Қазақстанның бірінші теннисшісі Александр Бублик ірі турнирдің алғашқы кезеңін оңай еңсерді. Ол австралиялық Джеймс Даквортты үш сетте жеңді – 6:2, 6:4, 6:4. Екінші турда Бубликке тер төгуге тура келеді. Себебі ол Австралияның бірінші теннисшісі Алекс де Минаурмен кездеседі. Алекс әлемнің үздік 10 теннисшісінің бірі.

Іріктеу сынына сүрінсе де, «Lucky Loser» ретінде жарысқа қосылған Александр Шевченко да алғашқы раундта үш сетте жеңіс тойлады. Серб Душан Лайович оған айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Матч 6:2, 6:4, 7:6 есебімен аяқталды. Екінші турда Шевченконы америкалық Итан Куинн күтіп тұр.

Юлия Путинцева да бірінші турдағы қарсыласын сет жоғалтпай жеңді. Ол 7:6, 6:2 есебімен аргентиналық Солана Сьерраны тізе бүктірді. Юлияның екінші турдағы қарсыласы сәл кейінірек анықталады.

Бублик, Шевченко және Путинцеваның екінші айналымдағы матчы бейсенбі күні өтеді.

Осылайша, Қазақстан атынан Үлкен Дулыға санатындағы ірі жарысқа қатысып жатқан теннисшілердің бәрі келесі кезеңге сүрінбей өтті. Дүйсенбіде Қазақстанның бірінші теннисшісі Елена Рыбакина үш сетте аргентиналық Хулия Риераны жеңген. Енді Рыбакина сәрсенбі күні америкалық Ива Йовичпен кездеседі. Бұл матч Астана уақытымен сағат 18.30 шамасында Simonne-Mathieu кортында өтеді.

Жұптық сайыста да Қазақстан теннисшісі жеңіске жетті. Отандасымыз Анна Данилина мен Александра Крунич жұбы Бернарда Пера/Магда Линетт жұбын үш сетте ұтты. Есеп 6:7, 6:1, 6:4. Путинцева мен Лейла Фернандес жұбы жарысты бейсенбіде бастайды.

Roland Garros турнирі алғаш рет 1891 жылы ұйымдастырылды. Франция ашық біріншілігінің жүлде қоры 56 млн еуродан асады. Чемпион 2,5 млн еуро алады.

Сондай-ақ оқыңыз