Қазақстанда Beeline брендіне ие холдинг БАӘ биржасына көз тікті

VEON телекоммуникация холдингі құнды қағаздарын Біріккен Араб Әмірлігі қор биржасына шығаруды көздейді. Бұл туралы Reuters хабарлайды. Компания Қазақстандағы Beeline брендінің 75% акциясына ие.
Компания акциялары Nasdaq қор биржасында саудаланып жүр. Жақында бас кеңсесін Амстердамнан Дубайға көшірген VEON енді БАӘ биржасына шығуды көздеп отыр. Бұл алдағы үш-бес жылға арналған жоспар.
«Осы нарықтардың маңыздылығын түсіне отырып, біз бас кеңсені осында көшірдік. Күндердің күнінде оны (БАӘ-дегі листинг) да жүзеге асырамыз», – дейді компания бас директоры Каан Терзиоглу. Ол сәрсенбі күні Дубайдағы іс-шараға қатысқан.
VEON телекоммуникациялар тобының 2024 жылғы кірісі 14,6% болды. Қазақстандағы Beeline, Украинадағы «Киевстар» және Бангладештегі Banglalink компанияларын біріктіретін холдинг былтыр 4,24 млрд доллар тапты.
Компания 2025 жылғы наурызда Uklon украин компаниясын 155,2 млн долларға сатып алғанын жариялады. Uklon такси қызметін ұсынады.
Алты елдегі финтех-брендтер мен телекоммуникацияларға ие Veon «Киевстар» акцияларын (IPO) биыл АҚШ қаржы нарығына шығарды.
Қазақстандағы Beeline қожайындары туралы
Бүкіл әлемде 150 миллионнан аса тұтынушысы бар Veon холдингінің ірі акционері – ресейлік «Альфа-Групп» қожайындары құрған LetterOne тобы. Компания Бермуд аралдарында тіркелген, биыл бас кеңсесін Амстердамнан Дубайға көшірген.
Veon холдингі Қазақстандағы Beeline мобильді операторының 75% үлесіне ие. Оператордың қалған 25%-ы қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі. VEON цифрлық операторы TNS+ провайдеріндегі 49 пайыз үлесін былтыр күзде 137,5 млн долларға сатқан.