Құны 50 млн теңгеден асатын үйді сатқандарды қаржы агенттігі бақылауға алады

Мәжіліс қабырғасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы талқылануда. Заң жобасына сәйкес, қаржылық мониторинг органдарының өкілеттіктері кеңейтіледі. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» 50 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер бойынша ақпарат беруге міндеттеледі.
Мәмілелерге мониторинг жүргізу күшейтіледі
Бұл шаралар осындай ірі мәмілелер арқылы заңсыз қаржыны заңдастырудың жолын кесуге мүмкіндік береді. Заңнамаға енгізілетін жаңа өзгерістер елдің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға және күдікті операциялардың алдын алуға бағытталған.
Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы деректерді қаржы мониторингі агенттігіне ұсынатын болады. Бұл ақпараттар арқылы күдікті ақша ағындары неғұрлым тиімді бақыланып, талданбақ.
Күдікті қызмет белгілері нақтыланады
«Қаржы мониторингі субъектілері клиенттің өз қызметін кірістерді заңдастыру немесе терроризмді қаржыландыру үшін оның ақшамен және өзге де мүлікпен жүргізген операцияларының жиынтығына сәйкес пайдалануы мүмкін екендігі туралы ақпарат жіберетін болады»,– деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.
Мысалы, шоттар арасында қаражаттың жиі аударылуы, алайда бұл қаражаттың шығу көзі көрсетілмеген болса – күмән туғызуы мүмкін. Бұл талаптар арқылы қаржылық қылмыстардың алдын алу мақсатында нақты және уақтылы әрекет ету көзделеді.
Тәуекелдерді бағалау жүйесі жаңартылмақ
Заң жобасы тәуекелдерді бағалау жүйесін екі деңгейге бөлуге ұсыныс жасайды: ұлттық және секторлық деңгейлер. Қаржылық мониторинг агенттігі жалпыұлттық бағалау жүргізсе, мемлекеттік органдар әр үш жыл сайын өз салаларындағы тәуекелдерді бағалайтын болады. Мұндай тәсіл қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін жүйелі деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қаржылық операциялар шектері төмендетіледі
Тағы бір маңызды өзгеріс – кейбір операциялар үшін шекті сомалардың қайта қаралуы. Мәселен, мәдени құндылықтарды қолма-қол сатып алу немесе Қазақстанға әкелу, әкету бойынша операциялар үшін шек 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, сомасы 5 млн теңгеден асатын цифрлық активтермен жасалатын мәмілелер де енді қаржылық мониторингке жатады.
Еске салайық, егер азаматтарда екінші деңгейлі банктердің 5 картасы болса және олар «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелмеген биржаларға төлем жасайтын болса, онда мұндай карталар арқылы жүргізілген операциялар да тексеріледі.