Қазақстанда көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда көліктердің алдыңғы терезелерін қараңғылауға рұқсат беріле ме? / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Автокөліктердің алдыңғы бүйір әйнектерін қараңғылауды ақылы заңдастыру – қауіпсіздікке зиян емес, бюджетке пайда әкеледі. Осылай деген «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары көліктердің алдыңғы әйнектерін ақылы бояуды заңдастыру мәселесін тағы көтерді.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге  фракция атынан сауал жолдаған Олжас Құспековтың айтуынша, бұл бастама жүзеге асса, бюджет кірісін едәуір арттыруға болады. Депутат алдыңғы бүйір әйнектерді  ақылы қараңғылаудың арқасында қазынаға түсетін қаржы көлемі жылына 50 млрд теңгеге дейін жетер еді деп болжайды.

«Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері бойынша,  2025 жылғы 1 мамырға елімізде 6 млн 176 мың көлік тіркелген, оның 86,5%-і жеңіл көлік құралдары. Автопарктің 5%-і қамтылған және рұқсаттың орташа құны 50 АЕК болса да, бюджетке түсетін ықтимал түсімдердің көлемі жылына 50 млрд теңгеден асуы мүмкін. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және дамытуға — автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстауға мақсатты түрде пайдаланылуы мүмкін», – деп мәлімдеді депутат.

Халықаралық тәжірибеде…

Депутаттың мәліметінше, кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, кемінде 70% жарық өткізу жағдайында тонировка қолдануға рұқсат етіледі. Демек, бұл талап – Қазақстандағы ақылы тонировканы заңдастырудағы нормативтік негіз болуы тиіс.

Сондай-ақ мәжілісмен ақылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланудың табысты тәжірибесіне дәлелдеуге тырысты. Сөзіне сенсек, 2024 жылы бюджет VIP-мемлекеттік нөмірлерді сатудан 15,8 млрд теңге алған.

«Халықаралық тәжірибе заңдастырылған ақылы тонировканың тиімділігін растайды. Мәселен, Қырғыз Республикасында тонировкаға рұқсат беруден 2024 жылы бюджетке шамамен 4 млрд теңге түсті. Өзбекстанда жарық өткізуге рұқсат 70%-дан бастап беріледі. БАӘ мен Оңтүстік Кореяда техникалық талаптар мен баж салығын төлеу кезінде алдыңғы әйнектерді 50% және 40% дейін бояуға рұқсат етіледі»,- деді мәжілісмен.

Депутаттар не ұсынды

1. Кемінде 70% жарық өткізетін әйнектерге тонировкаға ресми рұқсат беру механизмін әзірлеу;

2. Арнайы нысаналы қор құрып, түсімді инфрақұрылымға жұмсау;

3. Техникалық бақылау мен параметрлердің сақталуын қадағалауды күшейту.

4. Көлік құралының санатына байланысты рұқсат беруге сараланған тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастыру: экономика, бизнес және премиум.

Айта кетейік, Қазақстанда көліктердің алдыңғы әйнектерін қараңғылауға тыйым салу 2010 жылы енгізілген болатын. Қазіргі уақытта бұл талапты бұзған жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз