Шерзат ісі: адвокат оқиға орнында болған екі әйелді жауапқа тарту мәселесін көтерді

Шерзат Полат сотында жәбірленушінің адвокаты Мейірман Шекеев оқиға орнында болған әйел Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia.
«Эльмира Нұрбекова сотта қасақана көрінеу жалған айғақ бергені үшін және аса ауыр қылмыстық хабарламау туралы жеке қаулы шығарып, ол қаулыны Алматы облысы прокурорына тиісті процестік шешім қабылдау үшін жолдауды сұраймыз», – деді адвокат Шекеев.
Дәл осындай мәтіндегі өтінішхат жолдап, куә Дана Жақсыгелдіге қатысты да жеке қаулы шығаруды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушылар бұл бойынша жарыссөз барысында пікір білдіретіні жеткізді.
Сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Баймұханова қорғаушы Мейірман Шекеевтің өтінішхатын қолдап, пікірін айтты.
«Бұл талап-өтінішті қабылдауды сұраймын. Себебі менің қорғауымдағы Қалиахметтің іс-әрекеті олардың іс-әрекетінен төмен болса да, қазір сотталушылар арасында отыр. Ешқандай дәлелсіз. Бірақ сол жерде болған, бір көлікте жүрген, бәрін көрген, естігенін ескеріп, бұл өтініш қабылдануға тиіс деп есептеймін. Кінәлі адамдар жауапқа тартылуға тиіс. Оларды не себепті қылмыстық жауаптылықтан босатып жіберді?», – деді адвокат Баймұханова.
Судья Ержан Жанұзақов өтінішхатты ашық қалдырды, шешімді кеңесу бөлмесінде қабылдайды.