Шерзаттың ата-анасы денсаулығына байланысты сот отырысына келе алмады

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 29 мамырдағы сот отырысына марқұмның ата-анасы денсаулығына байланысты келе алмады.
Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сот процесі әрі қарай жәбірленушілердің қатысуынсыз жалғаса беретінін айтты.
Сондай-ақ жәбірленушілердің адвокаты Мейрман Шекеев сотқа оқиға орнында болған екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіні қайта шақыруды, олардан қайта жауап алуды сұрады. Судья бұл өтінішхатты қабылдамады.
«Ұсталсақ не дейміз?»
Сот отырысында сотталушылар мен оқиға орнында болған екі әйелдің арасында болған әңгіме оқылды. Соған сәйкес, сотталушы Абзал Шынасыл «ұсталсақ не дейміз?» деп сұраған. 29 мамырдағы сот отырысында Шынасыл полицияға не айтатынын алдын ала талқыламағанын жеткізді.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық іске төрағалық етуші – судья Ержан Жанұзақов. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды.