Шерзат ісі: адвокат тағы 4 адамға «адам өлтіруге оқталу» айыбын тағуды сұрады

Марқұм Шерзат Полаттың отбасының адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева «бұзақылық» бабы бойынша сотқа тартылған сотталушыларға тағылған айыпты өзгертуді сұрады.
«Сарапшы ретінде сотта жауап берген және сотқа дейінгі тергеу барысында сараптама жүргізген мамандар Шерзат Полаттың өліміне «кеуде қуысындағы жарақат арқылы ішіне көп мөлшерде қан кеткені» себеп болған деп көрсеткен. Сипатталған пышақ жарақатын алған адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, жоғалтқан қан мөлшерін толтырған жағдайда жәбірленуші Полатты аман алып қалуға болатынын көрсеткен», – деді адвокат Әжіғалиева.
Айтуынша, тергеу органдары Шерзат Полаттың өліміне кінәлі деп айыпты тек сотталушы Абзал Шынасылға тағып, қалған сотталушыларға осы факт бойынша «бұзақылық» бойынша айып тағып отыр.
«Біз мемлекеттік айыптаушылардың бұл позициясымен келіспейміз. Осы факті бойынша кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың сотталушы Абзал Шынасылдың әрекетінен пышақ жарақатын алған соң әлсіреп, қан ағып жатқанына, қасындағы жақын туыстары, ағасы Ғайыпбаев, анасы Бишембиеваның айғайлап, жедел жәрдем шақырып, ұрмауға жалынғанғанына қарамастан, Әскентай, Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясов, Сакиев қол-аяғымен бірнеше рет денесінен, өмірлік маңызы бар жерлерінен тепкен», – деді адвокат.
Осылайша, Шерзат Полатқа келтірген жарақат бойынша Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясовтың әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінен (бұзақылық) қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 3,5,7,9-тармағына, яғни кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамды аса қатыгездікпен адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу белгісімен; ал Равиль Сакиевтің әрекетін ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,3,5,7,9-тармағы, яғни екі немесе одан да көп адамды кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамды аса қатыгездікпен адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу белгісіне ауыстыруға дәлел жеткілікті деп санайтынын айтты.
Айта кетейік, Сакиевке айыптау актісіне сәйкес қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу) бойынша айыпталып отыр.
Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушылар бұл өтінішхатты қабылдамауды сұрады.
Абзал Шынасылдың адвокаты Әбенов жәбірленуші тараптың өтінішхатын қабылдауды сұрады. Айтуынша, Шынасыл алдауға түскен, барлығы қылмыс бойынша жауапкершілікті бір адамға жүктеп отыр.
Қалған сотталушылардың адвокаттары айыптау актісін өзгертуге негіз жоқ деп санайтынын айтты.
Судья Ержан Жанұзақов басқа айыптау актісін жазуға мемлекеттік айыптаушылар уақыт сұрауы қажет екеніне сүйеніп, жәбірленушінің адвокаттарының өтінішхатын қанағаттандырмады.
Айта кетейік, бұған дейін жәбірленушінің адвокаты Мейірман Шекеев оқиға орнында болған әйел Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.