Азаматтар 95% жағдайда алаяқтарға банктердің емес, өз кінәсінен алданады

Қазақстан банктерінің мобильдік қосымшасы алаяқтар үшін оңай олжа емес. Бұл туралы сенатта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлім етті.
Оның сөзінше, жуырда жоспарлы емес тексеріс өткізіліп, банк қосымшалары техникалық тұрғыда осалдығынан жаппай алаяқтық жағдайлары тіркелді деген пікір расталмаған.
«Мен сіздерге айтайын, қаржылық алаяқтықтың 95 пайызы әлеуметтік салдардан болады. Яғни, қарыз алушы алаяқтардың ықпалына түсіп, банк, не микроқаржы ұйымының кеңсесіне барып, өз атына қарыз рәсімдейді, болмаса депозиттік шотынан ақшасын шешіп, алаяққа береді», – дейді ол.
Ол қарыз алушы банктегі биометриялық тексеру сияқты барлық қауіпсіздік талаптарынан өзі өтіп, өз еркімен қол қоятынына назар аударды.
«Мұндайда банк тарапынан қандай да бір заң бұзушылық тіркелмейді. Яғни бұнда алаяқтың ықпалына түскен адамның психологиялық факторы рөл ойнап тұр», – дейді ол.
Бұған дейін, шетелден әрекет ететін алаяқтар жасанды интеллект көмегімен қазақша сөйлеп, алдаудың жаңа тәсілдеріне көшкені, одан сақтану жолдары туралы жазғанбыз.