Ақнәрдің анасы қызына қатысты бұрын да бірнеше қылмыстық әрекет жасалғанын мәлімдеді

Қоғамдық резонансқа айналған Ақнәр Гүлістан ісіне байланысты жәбірленуші тарап кезекті баспасөз мәслихатын өткізіп, қылмыстық іске тағы бірнеше бап қосылуы керек деген мәлімдеме жасады. Мәлімдеме бұған дейін желіде үзінділері тараған видеоға негізделген.
Әртүрлі тәпсірленген видео
Жәбірленуші тарап бұған дейін қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған екі қыздың бірі Дидар Мұқияттың заңгері көрсеткен, кейін желіге тараған видеоны ұсынды. Пәтерде түсірілген видеода Ақнәр мен жігіттің қытайшалап бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегені, Ақнәрді тыныштандырып жатқаны, Ақнәрдің жеке заттарын беруді сұрайтыны, өзін ұстап тұрған жігіттен босап шығуға тырысатыны көрінеді. Бір мезетте видеодағы жігіт «секіргің келді ме, секір» дегенде Ақнәр терезеге қарай ұмтылып, оны әлгі жігіт тоқтатады. Осы көріністің бәрін Дидар Мұқият видеоға түсіріп тұрған.
Жәбірленуші тарап нұсқасы
Гүлістан Қамиттің сөзін жеткізген заңгер Инга Иманбай Дидар Мұқият Ақнәрді пәтерге алдап әкелгенін, онда ешкім жоқ деп, ішінде Ұлпақ есімді Ақнәрге бейтаныс жігіт болғанын айтады. Сөзінше, Ұлпақ Ақнәрдің ішін, кеудесін ұстап, оған қол жүгірткен, «жіберіңдерші» дегеніне қарамастан еркінен тыс ұстап тұрған.
«Одан бөлек пәтерде Ақнәрдің жеке заттарын алып қойып, оны балағаттаған» дейді ол.
Заңгер осыларды негіз етіп, қылмыстық іске тағы төрт бап қосылуы керектігі жөнінде өтініш хаттар жолдайтынын айтты. Олар:
- 126-бап. Бас бостандығынан заңсыз айыру;
- 121-бап. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері;
- 131-бап. Қорлау;
- 389-бап. Өзiнше билiк ету.
Заңгер марқұмның анасымен бірге Ақнәрге қатысты осындай әрекеттерді басшылыққа алып, қылмыстық іс 99-баптың 7 бөлігі (адамдар тобы болып алдын ала сөз байласу арқылы жасалған қызмыс) бойынша саралануы керек дегенді ресми мәлімдейтінін жеткізді.
Сондай-ақ ол тергеу органдарына видеодағы жігітті тергеуге шақырып, оның әрекетіне қылмыстық баға беруді сұрап өтініш хат түсіретінін қоса кетті.
Екінші тараптың нұсқасы
Қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған Дидар Мұқияттың ресми өкілі Жандос Палманов журналистермен кездескенінде аталған видеоны көрсетіп оны өзінше түсіндірген. Оның айтуынша, «марқұм өзіне қол салуға бейім болған». Заңгер видеодағы жігітті Дидардың ағасы деп сипаттап, оның әрекетін «мас күйде болған Ақнәрді сабырға шақырып, тыныштандырмақ болды. Ал Дидар құрбысына сенбегендіктен оны видеоға түсірген» деп түсіндірді.
Ақнәр ісі
Жуырда Гүлістан Қамит есімді келіншек қызы Ақнәр 2024 жылғы 20 шілдеде терезеден құлағаннан кейін қаза тапқанын, оны сол сәтте жанында болған құрбыларынан көретінін мәлім еткен. Бойжеткеннің өлімі бойынша қозғалған іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша ашылған. Марқұмның анасы мұнымен келіспейді, қызы өзіне қол салуы мүмкін емес деп санайды. Қоғамдық резонанс тудырған Гүлстан Хамит президентке дейін үндеу жолдаған.
Осыдан кейін, Алматы қаласының Полиция департаменті аталған істі ерекше бақылауға алғанын хабарлады.
Ұзамай істе қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде танылған екі қыздың бірі Дидар Мұқият «маған негізсіз жала жауып отыр» деп заңды өкілі Жандос Палманов арқылы қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын жеткізді.