Тоқаев Астанаға келген Италия премьерін күтіп алды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Тоқаев Астанаға келген Италия премьерін күтіп алды
Тоқаев Астанаға келген Италия премьерін күтіп алды/Фото: Ақорданың баспасыөз қызмет

Қазақстанға ресми сапармен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони келді.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, Мелониді президент Қ.Тоқаевтың өзі күтіп алып, елорда әуежайында аз-кем әңгімелескен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониге өзін Қазақстанда қарсы алу үлкен мәртебе екенін атап өтіп, алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беруде маңызды, тіпті, шешуші рөл атқаратынына сенім білдірген.

«Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз», – деді президент

Джорджа Мелони Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын айтып, қуанышты екенін жеткізген.

«Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші «Италия – Орталық Азия» саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосу аймақпен қарым-қатынасымыздағы тарихи сәт болады деп ойлаймын. Қазіргі сындарлы кезеңде біз үшін барлық деңгейде ынтымақтастық орнату өте өзекті», – деді Мелони.

Джорджа Мелони былтыр әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің қатарына кірген. Тізімді түзген Forbes журналы оны үшінші сатыға жайғастырған.

Сондай-ақ оқыңыз