Қазақстанның банк секторындағы жағдай тұрақты – Қизатов

Қазақстанның банк секторындағы жағдай тұрақты. Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы нарығын ретту және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.
Оның айтуынша, қазіргі таңда банктердің кредит портфеліндегі проблемалы қарыздардың үлесі тарихи минимумға – 3,4%-ға дейін төмендеген. Бұл – банктердің актив сапасы жақсы екенін білдіреді.
«Бүгінде банктерде актив сапасына байланысты алаңдауға негіз жоқ. Проблемалар 2015–2016 жылдары болған. Қазір ондай тәуекел байқалмайды», – деді Қизатов журналистердің сауалдарына жауап бере отырып.
Агенттік өкілі сонымен қатар шетелдік сарапшылардың да Қазақстандағы банк жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігіне оң баға бергенін атап өтті.
Сонымен қатар Қизатов Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропа банктері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанына назар аударды, Бірақ нақты қандай қаржы ұйымдары екенін айтуға әлі ерте.
Қазақстанда қанша банк бар?
Қазіргі кезде елде 21 екінші деңгейлі банк жұмыыс істейді. Олардың жалпы активі 62 трлн теңгеге жуықтаса, несие портфелі 37 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде төленбегеніне 3 айдан асқан кредиттің үлесі 1,2 трлн теңгеге жеткен.