Банк пен қаржы

Криптовалютаны заңды түрде қолдануға болады: Қазақстанда CryptoCity аймағы құрылмақ

CryptoCity пилоттық жоба іске қосылады/ Фото shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда криптовалютаны заңды түрде қолдануға мүмкіндік беретін CryptoCity пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумында айтты.

«CryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады», – деді мемлекет басшысы.

CryptoCity Қазақстанның цифрлық трансформация және технологиялық жаңғыру стратегиясының маңызды бөлігі болмақ. Бұл аймақта азаматтар криптовалютаны күнделікті өмірде – тауар мен қызмет үшін төлем жасауға, қаржылық операцияларға қолдана алады.

Қазақстан Еуразиядағы IT хаб болуға ұмтылады

Президент Тоқаев елдің басты стратегиялық мақсаты – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жоғары қосымша құны бар өндірістер еліміздің болашағы үшін маңызды бағыттар болып отыр.

«Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Бұл бағытта шетелдік университеттердің филиалдары мен зерттеу серіктестіктері ашылып, академиялық және инновациялық хаб құрылып жатыр.

Қазақстан криптонарықты дамытуға мүдделі

 Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда  үкіметке криптонарықты дамытуды тапсырған Соның нәтижесінде салық түсімі артады.

Қазақстанда түрлі криптовалюталарды «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген биржаларда ғана сату-сатып алуға рұқсат. Алайда криптоға қызығатындардың басым бөлігі шетелдік сауда алаңдарын таңдап, АХҚО юрисдикциясынан тыс криптобиржаларға тіркелген.

Республикада криптонарық дұрыс дамымағандықтан, 1,5 млн қазақстандық шетелдік криптобиржаларда отыр. Былтыр билік криптонарықты «ақылмен» реттеуді қолға алатын хабарлады.

Ұлттық банк цифрлық теңге мен криптовалютаға қатысты заң жобасын 2025 жылдың тамыз айында ұсынады.