Ұлттық атом компаниясының таза табысы азайды

2025 жылдың үш айында «Казатомөнеркәсіп» ұлттық атом компанияның таза табысы былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда 18,7%-ға азайып, 121,07 млрд теңгені құрады. Бұл туралы компания өз есебінде хабарлады.
Түсім де төмендеген: 157,69 млрд теңге, Бұл 2024 жылдың алғашқы тоқсанындағы 195,29 млрд теңгемен салыстырғанда шамамен 19,2%-ға аз.
Таза табыстың азаюына уран бағасының арзандауы себеп. Атап айтқанда, уранның орташа бағасы 13%-ға құлдырап, бір фунтына $54,7 деңгейінде тіркелді.
Соған қарамастан, өндіріс көлемі артқан. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында компания 2 963 тонна уран өндірген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9%-ға артық. Дегенмен, сату көлемі 7%-ға азайып, 2 560 тоннаны құрады
Компанияның акциялары биылғы жылдың басынан бері 8%-ға арзандады. Қаржы нәтижелермен қатар, ақпараттың шектеулі жариялануы да инвесторлардың сеніміне әсер етіп отыр.
2024 жылы «Казатомпром» рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1,13 трлн теңге таза пайда тапқан болатын. Бұл 2023 жылғы 580 млрд теңгемен салыстырғанда 95%-ға артық нәтиже еді. Нәтижесінде акционерлеріне 327,9 млрд теңге көлемінде дивиденд төлейді.
«Казатомпром» — Қазақстан уранын экспорттайтын ұлттық оператор. Компания уранды негізінен ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы сатады, ал спот нарықтағы үлесі аз. Қазақстанда өз атом электр станциясы болмаса да, елдің ураны әлемдік қордың шамамен 15%-ын құрайды және бұл көрсеткіш бойынша Аустралиядан кейінгі екінші орында тұр.
Қазақстан қор биржасындағы соңғы дерек бойынша, компанияның 62,99% акциясы — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, 12,01% — ҚР Қаржы министрлігіне тиесілі. Ал қалған 24.32% акциясы еркін айналымда жүр.