Соғыс пен қақтығыстан келген экономикалық шығын 19 трлн долларға жетті – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында әлемдегі бейбітшілік мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, соғыстар мен қақтығыстардың жаһандық қауіпке айналғанын атап өтті.
«Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі қақтығыстардың сипаты әлдеқайда күрделі әрі ұзақ мерзімді. Оған тек мемлекеттер ғана емес, түрлі ұйымдар мен мемлекеттен тыс топтар да араласып отыр.
19 триллион доллар шығын
Президент келтірген деректерге сүйенсек, қақтығыстардан келген экономикалық шығын 19 триллион АҚШ долларына жеткен. Бұл — әлемдік жалпы ішкі өнімнің 13,5%-ына тең.
Мұндай шығын тек қаржылай ғана емес, әлеуметтік және гуманитарлық тұрғыда да орны толмас зардапқа әкеп соғалы Миллиондаған адам босқынға айналып, мыңдаған инфрақұрылым нысандары жойылып жатыр.
Жасанды интеллект пен соғыс – үйлеспейтін ұғымдар
Президент ерекше назар аударған мәселенің бірі — жасанды интеллекттің дамуы мен соғыстың бір дәуірде қатар жүруінің ақылға қонымсыздығы.
«Жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып жатқан жасанды интеллект дамуымен мұндай шиеленістер еш үйлеспейді», – деді Тоқаев.
Яғни, жаңа технологиялық дәуірге қадам басқан адамзат өзара қақтығыстарға емес, білім мен бейбіт өркендеуге бет бұруы керек.
Ядролық державалар арасындағы текетірес – ерекше қауіп
Президент атап өткендей, ядролық қаруға ие елдер арасындағы шиеленістер жаһандық тұрақтылыққа үлкен қатер төндіріп тұр.. Мұндай жағдайда әрбір қате шешім — орасан апатқа апаруы мүмкін.
Тоқаев соғысты емес, өркениетті қоғам құру жолын таңдауға шақырды. Әсіресе, жастардың саналы әрі бейбіт өмірге бет бұруы — басты міндет екенін ерекше айтты.
«Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек», – деді ол.