1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні: тарихы, дәстүрі және құқықтық негізі

Жарияланды 29 Мамыр 2025 12:51

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
1 маусым мерекесінің мәні мен маңызы/ Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
1 маусым мерекесінің мәні мен маңызы/ Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

1 маусым – жыл сайын атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл әлемде балалардың құқықтары мен болашағына назар аударуға шақыратын ең мейірімді әрі маңызды мерекелердің бірі. Осы күн 60-тан астам елде, соның ішінде Қазақстанда да кең көлемде тойланады. Мереке барысында түрлі концерттер, фестивальдер, қайырымдылық акциялары мен балаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мереке тарихы туралы

Мереке алғаш рет 1949 жылы Женевада өткен Әйелдердің халықаралық-демократиялық федерациясының сессиясында ұсынылған болатын. Ал 1950 жылдан бастап 1 маусым ресми түрде балаларды қорғау күні ретінде бекітіліп, жыл сайын тойланып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмірі, денсаулығы, білім алуы мен құқықтарын қорғау қажеттігін әлемге еске салу.

Халықаралық балаларды қорғау күнінің қалыптасуына ықпал еткен негізгі тұлғалардың қатарында – БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комиссиясының төрайымы Элеонора Рузвельт пен Әйелдер федерациясының президенті Эмма Хофмайстер бар. Олар балалар мәселесін жаһандық деңгейде көтеріп, арнайы күн белгілеуге бастамашы болды.

Қазақстанда және әлемде қалай ұйымдастырылады?

Қазақстанда 1 маусым күні көптеген іс-шаралар өтеді. Ата-аналар, мектептер мен балабақшалар, жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдар балаларға арналған түрлі бағдарламалар әзірлейді. Бұл күні балаларға арналған концерттер мен театр қойылымдары, ашық алаңдардағы ойындар, тегін балмұздақ пен тәттілер таратылып, сурет салу сайыстары мен спорт жарыстары өткізіледі. Көптеген қалада жазғы демалыс лагерлері дәл осы күні ашылады.

Бұл күннің өзіндік символикасы да бар. Мысалы, кемпірқосақ – балалықтың, үміт пен жарқын болашақтың белгісі. Ақ көгершін – бейбітшілік пен қорғаудың символы ретінде кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдерінен шыққан балалардың суреттері – бүкіл әлем балаларының тең құқықтығы мен бірлігін бейнелейді.

Балаларды қорғау күні – бұқаралық мәдениетке де әсер етті. Қазақстанда бұл күнге орай мультфильмдер түсіріліп, балаларға арналған концерттер ұйымдастырылады, әлеуметтік жарнамалар мен арнайы бейнероликтер жасалады. Балалар шығармашылығы мен өнері бұл күні ерекше назарға ілінеді.

Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзгерістер

Бүгінде Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірқатар заңдар мен институттар жұмыс істейді. Олардың мақсаты – әрбір баланың қауіпсіз, дені сау әрі бақытты өмір сүруіне жағдай жасау. Мәселен, «Бала құқықтары туралы» ҚР заңы. 2002 жылы қабылданған бұл заң балалардың білім, денсаулық сақтау, мәдени даму, демалыс және қауіпсіздік салаларындағы құқықтарын қорғауға бағытталған. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) – балалардың құқықтары бұзылған жағдайда көмек көрсетуге арналған ресми институт. Уәкіл тікелей Президентке бағынады. 

Халықаралық деңгейдегі бастамалар

Балаларды қорғау мәселесі тек ұлттық деңгейде емес, халықаралық деңгейде де өзекті. Бұл бағытта әлемдік ұйымдар бірқатар бастамалар көтеріп отыр:

  • ЮНИСЕФ (UNICEF) – БҰҰ-ның балалар қоры әлемдегі балалардың өмір сүру сапасын арттыру үшін түрлі елдерде бағдарламалар мен жобалар жүргізеді. Қазақстан да осы ұйыммен бірлесіп жұмыс істейді.
  • Тұрақты даму мақсаттары (SDG) – БҰҰ қабылдаған бұл құжат сапалы білім беруге негізделген. Ол әрбір балаға тең әрі сапалы білім алуға мүмкіндік беруді көздейді. 
  • Балалар саммиттері мен форумдары – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған балалар мен жасөспірімдер өз құқықтарын қорғау жолында бірлесе әрекет етеді. Олар өз ойларын халықаралық мінберлерде ашық айтуға үйренеді.

Көрші елдерде осыған ұқсас қандай мерекелер бар?

Мереке тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де кең көлемде аталып өтеді. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанда бұл күнге арналған мерекелік шаралар мектептер мен мәдениет үйлерінде ұйымдастырылады. Ресейде бұл күнде балалар фестивальдері мен отбасыларға қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бағдарламалар іске қосылады. Қытай мен Оңтүстік Кореяда бұл күн ресми мереке ретінде танылып, кейде бастауыш сынып оқушылары үшін демалыс күні болып саналады. Ал Түркияда 23 сәуірде, Жапонияда 5 мамырда балаларға арналған өздерінің ұлттық мерекелері бар.

Қазіргі балалар қандай мәселелермен бетпе-бет келеді?

Мереке – қуаныш, бірақ ол балалардың күнделікті өмірде тап болатын кей қиындықтарын еске алуға да себеп болуы тиіс. Қазіргі таңда балаларды алаңдататын бірнеше өзекті мәселе бар:

Біріншісі, интернеттегі қауіптер бар. Оның ішінде, әлеуметтік желідегі буллинг, зиянды контентке тап болу, жалған ақпараттар балалар психологиясына кері әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, психологиялық қысым мен буллинг – мектептерде немесе балалар топтарында мазақ қылу, шеттету, қысым көрсету. Мұның бәрі көптеген баланың өзіне деген сенімін жоғалтуына әкеледі.

Үшіншіден, ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуі де бар. Қарбалас тіршілікте кейбір балалар эмоционалды қолдаусыз қалып жатады.

Төртіншіден, материалдық қиындықтар. Кей отбасыларда баланың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына немесе демалысқа мүмкіндіктер шектеулі болуы мүмкін. Осындай түйткілдерді шешу – қоғам мен мемлекет алдындағы маңызды міндет.

Бұл күні балаларға сыйлық беру де жақсы дәстүрге айналған

Пайдалы, көңілді және есте қалатындай сыйлықтар таңдаған жөн. Мысалы, кітаптар, сурет салуға немесе қолөнерге арналған жиынтықтар, дамытушы ойындар, велосипед, самокат немесе цирк пен киноға билеттер – балалардың қуанышын еселейді. Бастысы – сыйлық шын жүректен сыйланып, баланың өзін ерекше сезінуіне сеп болу керек.

Мерекелік дастархан да балалар үшін есте қаларлық болуы тиіс. Жеміс-жидек, кәуіп,  қызықты пішіндегі мини-пиццалар, түрлі-түсті тағамдар мен балмұздақ мерекелік көңіл-күйді арттыра түседі.

Жалпы алғанда 1 маусым – балалардың бақытты әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қоғам болып жауапкершілік алуға шақыратын маңызды күн. Бұл тек мереке емес, болашақ ұрпақтың тағдырына деген қамқорлықтың белгісі. Сондықтан бұл күнді жарқын, мейірімге толы және есте қаларлық етіп өткізген жөн.

Еске сала кетсек, Қазақстанда әйелдер мен балалар құқығын қорғау бойынша Заң жобасы Сенатта былтыр мақұлданған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз