Атақты «Волга» көлігін қайта жаңғырту белгісіз мерзімге шегерілді

КСРО заманында танымал болған «Волга» автокөліктері қайта шығарылады деген үміт әзірге ақталмай тұр.Бастапқыда өндіріс 2024 жылдың соңында басталады деп жоспарланған еді, бірақ жоба белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Бұл ақпаратты арнайы осы жоба үшін құрылған Ресейдегі «Жеңіл автокөлік өндірісі» акционерлік қоғамы растады. Компания өкілдері жобаның жалғасып жатқанын айтады. Алайда нақты мерзімдер мен себептерді жарияламады.
Үміт отын жаққан таныстырылым
2024 жылдың мамырында Қазанда өткен «Ресей өнеркәсібінің цифрлық индустриясы» көрмесінде жаңартылған «Волга» жобасы алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Көрмеде үш жаңа үлгі көрсетілді: Volga C40 седаны және Volga K30 мен K40 кроссоверлері. Алайда бұл модельдер түпнұсқа емес, қытайлық Changan компаниясының дайын үлгілері негізінде жасалған. Мысалы, Volga C40 – Raeton Plus-тың негізінде, ал K30 мен K40 –Oshan X5 Plus пен Uni-Z үлгілеріне ұқсайды.
Бұл тек алғашқы қадам ретінде көрсетілді. Кейін өндіріс толық циклге өтеді, яғни, дәнекерлеу мен сырлау жұмыстары Ресейде жүргізіледі деп жоспарланған еді.
Өндіріс орны мен мемлекеттік қолдау
«Волга» автокөліктерін шығару үшін Ресейдің Нижний Новгород қаласында жеке өндірістік алаң ашылды. Жобаны жүзеге асыру аясында «Жеңіл автокөлік өндірісі» атты жаңа компания құрылды. 2025 жылы толық өндіріс цикліне көшу көзделген болатын.
2024 жылдың шілдесінде жобаны қолдауға Ресейдің Индустрия және сауда министрлігі ниет білдірген еді. Дегенмен, содан бері нақты шешімдер немесе қаржылай көмек туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Белгісіздік кезеңі
Қазіргі жағдайға қарағанда, бастапқы жоспар тым оптимистік болған. «Коммерсантъ» басылымы жазғандай, мамандар жоспарланған мерзімге үлгермей отыр. Компания жобаның тоқтамағанын айтқанымен, нақты іс-шаралар мен мерзімдер белгісіз күйде қалып отыр.
«Волга»: тарих пен символ
«Волга» – кеңестік және ресейлік автопромның символына айналған бренд. 1950-жылдардан бастап бұл марка сенімділік пен беделдің белгісі болды. Соңғы Volga Siber үлгісі 2008-2010 жылдары шығарылып, содан кейін бренд өндірісі тоқтап қалған болатын.
Оны қайта жаңғырту – Ресейдің өндірістік дербестігін қалпына келтіруге бағытталған қадам ретінде қарастырылған еді. Алайда қазіргі жағдай отандық автонарықтағы негізгі мәселелерді – технологиялық тәуелділік пен өндірістік әлеуеттің жеткіліксіздігін айқын көрсетіп отыр.
Еске сала кетсек, «Волганың» тарихы 1950 жылдардың ортасында, Горький автокөлік зауытында басталды. Сол кездері сенімді, жайлы және жол-көлік жағдайларына төзімді автомобиль қажет болды. Жаңа көлікке атақты өзен – Волганың атауы берілді.
1956 жылы автоның алғашқы үлгісі – ГАЗ-21 конвейерден шықты. Бұл нағыз серпіліс еді: әдемі дизайны, хромдалған торлы радиаторы, капоттағы бұғы мүсіні – бәрі-бәрі көлікті армандар нысанына айналдырды. Оның кейбір бөлшектері мен формалары батыс автомобильдеріне ұқсас болғанымен, ГАЗ-21 кеңестік кезеңге толық бейімделген еді. Ол нашар жолдарға, қатты аязға, сапасыз бензинге төтеп бере алатын авто болды. Сондықтан бұл көлік тез арада қоғамда жоғары мәртебенің символына айналды. Мұндай көлікті дәрігерлер, оқытушылар, партия қызметкерлері тізгіндеді. Кейінірек ол такси мен милиция автопарктерінің басты үлгілерінің біріне айналды.