Алматыда Freedom Ticketon Awards-2025 жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

Жарияланды 29 Мамыр 2025 16:19

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Freedom Ticketon Awards-2025 жүлдесінің жеңімпаздары / фото: Тимур Эпов

Алматы қаласында Freedom Ticketon Awards-2025 өнер мен мәдениет саласындағы сегізінші ұлттық жүлденің иегерлері белгілі болды. Биыл жүлде жаңа форматта өтті – дауыс беру жүйесі мен марапаттау рәсімі жаңартылып, цифрлық форматта ұйымдастырылды.

Барлығы 27 номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, олар алты негізгі санатқа біріктірілді: «Кино», «Концерттер», «Театрлар», ART, «Балалар жобалары» және «Ғылым».

Салтанатты шара Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде өтті. Оған арнайы шақырылған жұлдыздар мен ұйымдастыру комитетінің өкілдері қатысты. Көрермендер марапаттау рәсімін онлайн тамашалады.

Жеңімпаздардың есімдері алдын ала жарияланбады. Жүргізушілер Гүлбахор Хасанова мен Асет Серғазы марапат иелеріне тікелей эфирде хабарласып, құттықтады.

Конверттерді қазақстандық мәдениет пен өнер өкілдері ашты. Олардың қатарында скрипкашы Жәмила Серкебаева, REPAS командасының граффити-суретшісі Никита Biggie, ER10 Media жобасының негізін қалаушы Эльнора Розмұхамедова, актерлер Жан Байжанбаев пен Қажет Смағұл, әншілер Жанна Орынбасарова мен Айжан Нұрмағамбетова болды.

Басты жеңімпаздар:

  • Жыл спектаклі – А. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры
  • Үздік концерт – Димаш Құдайбергеннің жеке концерті
  • Жыл фильмі – «Үкім» атты қазақстан-қырғыз драмасы
  • Жыл киноактері – Дәурен Серғазин («Брат или Брак»)
  • ART-объект – Виктор Цойға арналған инсталляция (Рашид Нұғмановтың қатысуымен)
  • Жеке театрлар номинациясы бойынша спектакль – Interius театрының «Ғашығы» қойылымы (режиссері Разия Хасанова)
  • Жас дарын – Дастан Сәтпаев
  • Үздік фестиваль – OYU fest

Барлық жеңімпаздар Freedom Ticketon платформасында жарнамалық ілгерілетуге арналған сертификат пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Жалпы жүлде қоры 58 млн теңгені құрады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қаржылай қолдау өнер өкілдеріне жаңа жобаларды дамытуға және көрермен аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Шара соңында Freedom Ticketon компаниясының бас директоры Виктория Торгунакова Алматы қаласына арнап мурал салынатынын хабарлады. Бұл жоба қалалық әкімдік пен REPAS командасының қатысуымен жүзеге асады. Мурал Алматы қаласының киноөндіріс орталығы ретіндегі тарихи маңызын бейнелеуге арналған.

Премияның толық жазбасын Freedom Ticketon-ның YouTube арнасынан көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз