
Ағылшынның әйгілі «Манчестер Сити» клубында ойнайтын өзбекстандық футболшы Абдуқадыр Хусанов Ташкент қаласында үйлену тойын өткізді.
Негізгі той салтанаты 28 мамырда өткен. Ал 27 мамыр күні футболшының отбасы Ташкенттегі «Версаль» мейрамханасында дәстүрлі палау кешін ұйымдастырды. Бұл отбасылық шараға Хусановтың жақын достары мен туыстары, сондай-ақ белгілі спортшылар мен танымал тұлғалар қатысты.
Жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерінің қызығушылығына қарамастан, Хусановтың қалыңдығы туралы ақпарат әзірге құпия сақталып отыр. Жас жұптың жекелігін сақтау мақсатында отбасы журналистердің назарына шектеу қойған.
Еске сала кетейік, Абдуқадыр Хусанов 2025 жылдың қаңтар айында 40 млн еуроға «Манчестер Сити» клубына ауысып, Ағылшын Премьер-лигасында өнер көрсететін тұңғыш өзбек футболшысы атанды. Бұл трансфер бүкіл Орталық Азия футболы үшін тарихи болды.