АҚШ студенттік виза беруді уақытша тоқтатты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
АҚШ виза

Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаменті әлем елдеріндегі елшіліктері мен консулдықтарына студенттік виза (F, M және J санаттары) үшін сұхбат беру процесін уақытша тоқтату жөнінде нұсқаулық жіберді. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің бастамасымен қабылданып отыр.

«Қазіргі сәттен бастап, өтініш берушілердің әлеуметтік желілеріндегі белсенділіктеріне қатысты кеңейтілген тексерулерге дайындық үшін, консулдық бөлімдер студенттік және алмасу бағдарламаларына арналған визалар бойынша сұхбаттарға уақыт бөлмеуі керек. Жаңа нұсқаулықтар жақын күндері жарияланады», – делінген мемлекеттік хатшы Марко Рубио қол қойған телеграммада.

Мұндай шешім АҚШ визаларын беру жүйесіне өзгерістер енгізеді: консулдық ресурстар қайта бөлініп, өтініш берушілерді тексерудің жаңа процестері енгізіледі.

Қандай визаларға әсер етеді?

Бұл нұсқаулық үш санаттағы визаларға қатысты:

  • F визасы – академиялық білім алғысы келетіндерге арналған. Бұған мектеп, колледж, университет немесе тіл курстары кіреді.
  • M визасы – кәсіби және техникалық оқу орындарында (мысалы, ұшқыштар мектебі) білім алатындарға беріледі.
  • J визасы – алмасу бағдарламаларына қатысушыларға арналған. Бұл санатқа Work & Travel жазғы бағдарламасы, ғылыми тағылымдамалар, оқытушылар мен зерттеушілер шақырулары және АҚШ үкіметі қаржыландыратын басқа да бағдарламалар кіреді.

Бұл визалар Канада мен Бермуд аралдары азаматтарынан басқа барлық елдер азаматтарына қажет.

F, M және J визаларын алған адамдар өзімен бірге жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларын алып бара алады. Олар да осы визалардың тәуелді нұсқаларын рәсімдей алады.

Неліктен тоқтатылды?

АҚШ әкімшілігі әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттың қауіпсіздікке әсерін бағалау мақсатында өтініш берушілердің онлайн белсенділігін мұқият тексеруге ниетті. Осыған байланысты, тексеру процедураларын өзгерту, қосымша ресурстар тарту және жаңа тәртіптер енгізу қажет болып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп әлемге аты танымал Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салған еді.

Сондай-ақ оқыңыз