AIF аясында президент бірқатар маңызды кездесулер өткізді

Астана халықаралық форум аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тоқаев форум алаңында Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуриді және Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поупты қабылдаған.
5 млрд доллардың коммерциялық келісімі
Сухейл әл-Мазуримен кездесу барысында президент Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанадағы кездесуін еске алған. Бұл кездесу барысында екі ел арасында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, құны 5 млрд доллар көлемінде 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылғанын атап өткен.
Ал Сухейл әл-Мазури Қазақстан тарапына көрсетіп жатқан қонақжайлылығы үшін алғысын айта келе, Астана халықаралық форумының ұйымдастырылуын аса жоғары бағалаған. Министр Біріккен Араб Әмірліктерінде Абу Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыру бойынша жұмыстарды бастап кеткенін айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сухейл әл-Мазури жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, соның ішінде екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады. Кездесу барысында энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері қарастырылды», – деп хабарлайды Ақорда.
Эми Поуппен кездесу
Сонымен қатар президент Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поупты қабылдаған.
Тараптар миграция бойынша ынтымақтастықтың жай-күйі жөнінде және мигранттардың құқығын қорғау мәселелерін талқылаған. Сонымен бірге Ұйымның 2024-2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспары аясында өзара ықпалдастық мәселелерін талқылаған.
Тоқаев Қазақстанның заңсыз көші-қон проблемаларын шешуге, адам саудасына қарсы іс-қимыл жүргізуге және шет елдерде еңбек ететін қазақстандықтардың құқығын қорғауға арналған шараларды жүзеге асыратынын мәлімдеген.
Консультативтік платформа
Ал Эми Поуп Қазақстанның Алматы процесіне 2025-2027 жылдардағы төрағалығы туралы айтқан. Ұйым өкілі аймақтың диалогты ілгерілетуге және Орталық Азиядағы көші-қонға байланысты проблемалардың шешімін табуға бағытталған шараларды үйлестіруге мүмкіндік тудыратын консультативтік платформа болатынын атап өткен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эми Поуп ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ институционалды әлеуетті нығайтуға және аймақтағы көші-қонды орнықты басқаруға ықпал ету мақсатында озық тәжірибелермен алмасуға уағдаласты», – деп хабарлайды Ақорда.
Еске сала кетсек, президент форумның ашылуында сөз сөйлеп, әлемде болып жатқан жағдайға қатысты пікір білдірген болатын. Тоқаев соғыстың әлем экономикасына зиян тигізіп жатқанын, шығын 19 трлн долларды құрағанын айтты. Сонымен бірге алпауыл елдерді басқа мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтауға шақырды.