Алаяқтар рәсімдеген кредитті банк өзі төлейді – заң Сенатта талқыланып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
мошенники
Несие рәсімдеу уақыты ұзарып, онлайн қарыз алу қиындайды / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Енді алаяқтар үшін онлайн несие рәсімдеу қиындай түседі. Сонымен бірге несиенің заңсыз рәсімделгені анықталса, банктер бұл қаражатты өздері төлейді. Тиісті заң Сенатта талқыланды.

Заң банк секторында бәсекелестікті арттырып, инвестиция тарту үшін жағдай жасауға, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын дамытуға, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және қаржы нарығындағы алаяқтықпен күресуге бағытталған.

Шетелдік банктерге жеңілдік

Енді Қазақстанда тіркелетін банктер үшін заң бойынша жеңілдік қарастырылады. Заңға сәйкес елде тіркелуге ниетті банктер үшін мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

  • Шетелдік инвесторлар үшін шетелдік банк ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімі қысқартылады;
  • Құжаттар көлемі шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болмақ;
  • Шетелдік банктің филиалдарын құру кезіндегі активтеріне қойылатын талаптар 20 миллиардтан 10 миллиард АҚШ долларына дейін төмендетіледі;

Несие рәсімдеу уақыты ұзарады

«Заңда жеке тұлғаларға жалған несие беру тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар жаңалықтар бар», – дейді жобаны таныстырған сенат депутаты Сергей Карплюк.

Заңға сәйкес, несиені ойланбастан алуға жол бермеу үшін онлайн тұтынушылық несие шартын жасау мен оны нақты беру арасындағы 24 сағаттық салқындату кезеңі енгізілмек. Осы мерзім өткеннен кейін ғана азамат несие алуға келісім беруі тиіс.

Бірінші рет несие рәсімдеген кезде банкке бару керек

Сонымен бірге несиені бірінші рет рәсімдейтін болса, азаматтар банкке немесе кредит алатын ұйымға баруы керек болады. Егер, банктер бұл талапты орындамаса, мұндай жолмен рәсімделген несие соттан тыс есептен шығарылады. Сонымен бірге заңсыз несие берілген болса, ол қарыз да есептен шығарылып, банктің өзіне жүктеледі.

«Осы талаптарды орындамау несиелерді соттан тыс есептен шығаруға негіз болады. Сот шешімімен жалған несиені есептен шығару негіздері де қайта қаралуда.
Азаматтарды сәйкестендіру құралдарын заңсыз алу және пайдалану нәтижесінде, сондай-ақ банк немесе микроқаржы ұйымы биометрика жүргізу тәртібін немесе алаяқтық жағдайларды анықтау және есепке алу талаптарын бұзған жағдайда берілген жалған несиелер есептен шығарылады», – дейді Карплюк.

Ұялы байланыс операторларына қойылатын талап

Заң бойынша ұялы байланыс операторларына бірқатар талаптар қойылады. Осылайша ұялы байланыс арқылы жасалатын алаяқтықпен күресу көзделген. Яғни ұялы байланыс арқылы несие рәсімделіп жатқаны белгілі болса және алаяқтық белгілер анықталса, банктер банктік шот немесе электрондық әмиян бойынша барлық шығыс операцияларын 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтату құқына ие болады.

«Сондай-ақ банктерге Ұлттық Банктің Алаяқтыққа қарсы орталықтың дерекқорында күдікті транзакциялар туралы ақпарат болған жағдайда төлемді немесе ақша аударымын қабылдамау, сондай-ақ қызмет көрсетуді шектеу құқығы берілген.
Алаяқтыққа қарсы орталыққа күдікті транзакциялар туралы жедел ақпарат алмасу үшін ұялы байланыс операторлары мен барлық құқық қорғау органдары қосылған», – дейді сенатор.

Айта кетсек, қазіргі уақытта азаматтарға алаяқтардың онлайн несие рәсімдеуіне кедергі болу үшін sim-карталарды биометриялық сәйкестендіру жүргізбей беруге тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ бір абонентке SIM карталар санын 10 данаға дейін шектеу көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз