Базарларға бруцеллез жұққан ет тарауы мүмкін – сенатор

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
бруцеллез
Депутат базарға бруцеллез жұқққан мал еті тарауы мүмкін екенін айтты / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бруцеллез жұқтырған мал етінің базарларға тарап кету қаупі жоғары. Өйткені салада мал етін бақылау бойынша нақты шаралар жолға қойылмаған. Бұл туралы Сенатта депутат Ернұр Әйткенов айтты.

Сенатордың айтуынша, елде малды уақтылы бруцеллезге қарсы вакцинациялау жұмыстары мен мал сойылғаннан кейінгі бақылау жұмыстары дұрыс жүргізімейді.

«Бруцеллезге қарсы вакцинациялау бойынша жағдай алаңдатарлық. Соңғы кезде бұл ауруды уақтылы анықтау бойынша жүйелі проблемалар туындап жатыр. Ветеринарлық зертханалардың жұмысында көп үзіліс болады.Бұл ауруды ерте анықтауға кедергі. Нәтижесінде дерт мал арасында таралады», – дейді депутат.

Сенат өкілі бақылаудың нашарлығы ірі-қараға ғана емес, сонымен бірге халық денсаулығына да қауіп төндіретінін айтады. Бұл ауру аса қауіпті саналады және жануардан адамға жұқса, емделуі қиын, әрі мүгедектікке дейін апаруы әбден мүмкін.

«Соңғы ұш жылда Қазақстанда бруцеллезді 2 мыңға жуық адам жұқтырған. 100 мың адамға шаққанда бруцеллез жұқтыру индексі елде 3,3-ті құрайды. Ал көрші Ресейде бұл индекс – 0,36 деңгейінде. Сонымен бірге елде мал сойылған соң, дұрыс бақылау жүргізілмейді, салдарынан аурудың тарау қаупі артады. Өйткені қолданыстағы тәртіп бойынша ет базар сөрелеріне ПЦР талдау жүргізілмей жатып, қойыла береді. Тіпті кейде зертханалар кейде талдау нәтижелерін 1 айға дейін кешіктіруі мүмкін. Шаруалар қауымдастығы да бруцеллез жұққан еттің алыпсатарлар арқылы базарларға кетіп жататын айтады. Мұндай жағдай санитарлық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді», – деді депутат.

Сонымен бірге Әйткенов елде ветеринарлық инфраққұрылым дамымағанын, ветеринария саласында цифрландыру дұрыс жүргізімегенін де атап өтіп, премьер-министрден саланы реттеуді сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз