Мердігер мектеп салуға бөлінген 1,2 млрд теңгені талан-таражға салған ба

Қостанайда мердігер компания мемлекеттің 1,2 млрд теңгесін алып, өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамаған. Компания жұмысынан бірқатар олқылықтарды Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтаған.
Өз міндеттемесін орындамаған
«Береке шағын ауданында 980 орынға шақталған мектептің құрылыс жұмыстарына жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде кемшіліктер анықталды», – делінген Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің хабарламасында.
Комитет мәліметінше, «Лидер-НК» ЖШС-і бюджеттен 1,23 млрд теңге көлемінде қаражат алған. Бірақ бұл қаражатқа орындалуы керек жұмыстарды тиісті түрде атқармаған. Аудиттік тексеріс кезінде комитет өкілдері жұмыс актілері мен нысанның жағдайын салыстыра келе, үлкен айырмашылықты аңғарған.
Компанияны сотқа берген
Бұдан кейін комитет Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының атына кемшіліктерді жойып, келтірілген шығынды өтеу және бұған жол берген қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тарту бойынша нұсқама жіберген.
Ал басқарма компаниядан қаражатты қайтаруды талап етіп, «Лидер-НК» ЖШС-нің банк шоттарын бұғаттау талап етіп, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа арыз түсірген.
«Басқарманың талап арызы соттың тарапынан қолдау тапты. 2024 жылдың 14 маусымында сот жергілікті органның пайдасына шешім шығарып, мердігердің апелляциялық шағымы қабылданған жоқ. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеге атқарушылық іс қозғалды. Оның ішінде 37 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы бар», – деп хабарлайды комитет.
Жосықсыз мердігер
Бұл жайттан кейін облыстық басқарма келісімшартты бұзып, «Лидер-НК» ЖШС-ін мемлекеттік сатыпалымның жосықсыз қатысушысы деп танылған. Сонымен бірге басқарма компанияның үстінен тағы да арыз түсіріп, 82,4 млн теңге мөлшерінде айыпақы өндіріп алуды талап еткен. 2024 жылдың 3 қазанында сот басқарманың талабын қанағаттандырған.
Ал мемлекеттік сатып алу порталындағы мердігермен жасалған келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылған.
«Аудит материалдары құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғады», – делінген комитет хабарламасында.
Ал мектеп құрылысын жүргізуге басқа компания тартылған.
Айта кетсек, елде Арнайы қордан мектеп пен балабақша салуға 194 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.