Қонаевта 8 млрд теңгеге ескі элеватор жаңғыртылып, 3 зауыт салынады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қонаев
Қонаевта 8 млрд теңгеге бидай өңдейтін зауыт салынады / Фото: kursiv.media архив

Қонаевта істен шығып қалған элеваторды жеке инвестор өз қаражатына жаңғыртып, 3 зауыт салмақшы. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.

Ескі элеваторды «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС жаңғыртпақшы. Жаңғырту барысында ондағы ескі станоктар түгелдей ауыстырылады. Сонымен бірге элеватор маңында бидай өңдейтін үш зауыт салынбақшы. Оның бірі сұйық май шығаратын болса, екіншісі – ұн, үшіншісі – жемге арналған ұн өндіреді.

Зауыт өнімдері ішкі нарыққа және экспортқа шығарылмақшы. Негізінен бұл өнімдерді Қытайға экспорттау көзделген. Әкімдік мәліметінше, зауытқа тартылған инвестиция көлемі 8 млрд теңгені құрайды.

«Бүгінде теміржол ауыстырылып, контейнер терминалы, қоймалар, зауыттар салынып жатыр. Құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ 2 гектар жер қосымша сатып алынды. Жобасы жасалуда. Зауыт биыл қолданысқа беріледі. Жылына 1 000 000 тонна өнім экспортқа шығарылады деп жоспарлап отырмыз», – деді аталмыш компанияның бас директорының орынбасары Ринат Тоқпанов.

Бір ерекшелігі, зауыт керекті материалдармен өзін-өзі толық қамтуға қабылетті. Мекеме ғимаратының 2-3-қабаттарында өнімге қажетті қаптарды шығаратын станоктар торнатылған. Бүгінгі таңда бұл зауытта 250 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңғыртылған соң, қосымша 300 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Әкімдік мәліметінше, Қонаев қаласының инвестициялық пулында 39 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгені құрайды. Бұл жобалар іске қосылса, қалада 17 000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айта кетсек, 2023 жылы Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілген болатын. Жоспар бойынша қалаға жалпы көлемі 4 070 870,47 млн теңге инвестици тарту көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз