Тоқаев алпауыт елдерді барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сақтауға шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына реформа жасау мәселесін көтерді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алпауыт елдерді барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сақтауға шақырды. Бұл туралы президент Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында айтты.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына реформа жасау

Жиында сөз алған президент әдемде бейбітшілік орнату үшін БҰҰ қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Тоқаев Ұйымның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлде өзгермегенін атап өтті. Десе де, 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп екенін де жасырмады.

«Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды», – деді Тоқаев.

БҰҰ жарғысын мүлтіксіз орындау

Осы орайда мемлекет басшысы БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасау мәселесін көтерді. Сонымен бірге әлем елдерін БҰҰ жарғысын толық орындауға шақырды.

«Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз», – деді Тоқаев.

Айта кетсек, бұл жиында президент соғыс пен қақтығыс зардабы туралы айтты. Айтуынша, әлем бойынша шығын 19 трлн долларды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз