Қазақстанда бүйрек, жүрек және қант диабеті ауруларының дәрісі шығарыла бастады

Қазақстанда бүйрек, жүрек және қант диабеті ауруларының дәрісі шығарыла бастайды. Алматыда бірқатар инновациялық препарат өндірілмек.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ базасында жергілікті өндіру жолға қойылды.
Бұл дәрі-дәрмектер созылмалы бүйрек ауруын, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және 2 типтегі қант диабетін емдеуге арналған. Аталған фабрика жиырма жылдан Қазақстанда жұмыс істейді. Атқарушы директоры Ерен Ейгидің айтуынша, сапалы дәрі-дәрмек шығарады. Жергілікті кадрларды әзірлейді. Енді бүйрек пен жүрекке арналған заманауи дәрі-дәрмек шығармақ.
Әлеуметтік мәні бар аурулар
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов «АстраЗенека» халықаралық компаниясының Қазақстанда инновациялық препараттарды жергіліктендіру бастамасын жоғары бағалады. Компанияның бұл жобасы фармацевтика саласының дамуын, инновациялық дәрілік заттарға қолжетімділікті арттырады. Бұл – денсаулық сақтау және өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары.
Бұл бүйрек, жүрек және қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін жақсы жаңалық болғалы отыр.
«Жергілікті өндірістің сәтті үлгісі ретінде «Форсига» атты түпнұсқа препараттың шығарыла бастауы – маңызды қадам. Өйткені, 2 типті қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және созылмалы бүйрек аурулары – әлеуметтік мәні бар аурулар. Бұл пациенттерді қажетті терапиямен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Елімізде 2 миллион адам созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан
Дәрігерлердің айтуынша, созылмалы бүйрек ауруы еңбекке қабілетті төмендетіп, пациенттердің өмір сапасын нашарлатады. Қазақстанда әрбір оныншы адам осы дертке шалдыққан. Ұзын-ырғасы – 2 миллион адам.
Дегенмен, ауруды ерте диагностикалау мен заманауи терапия оның дамуын тежеп, бүйрек жеткіліксіздігінің алдын алады.
Өйткені, бұл санаттағы препараттар 2018 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне енгізілген. Пациенттерге тегін беріле бастады. Әсіресе, жүрек, бүйрекке және сусамыр аурулары мемлекеттің басты назарында.
Қант диабетін емдеуге мүмкіндік ашады
ҚР бас штаттан тыс эндокринологы, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Даньярова мұның маңызына ерекше тоқталды. Өйткені, бүйрек, жүрек және қант диабеті дертінің асқынуының алдын алуға жол ашылып отыр.
«Қазіргі уақытта амбулаториялық ем қабылдайтын пациенттердің шамамен төрттен бірі осындай препараттарды пайдаланады. Қазақстанда осы топтағы үш препарат тіркелген. Енді солардың бір молекуласы елімізде өндіріледі. Бұл қант диабетінің асқынуларымен күресте және оны тиімді ем жүргізуде қосымша мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ол.
«АстраЗенека» компаниясы бұл жобаға 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып отыр. Ал 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 40 млн долларға жетпек.
Айта кететін жайт, Pfizer компаниясы қатерлі ісікті емдеуге арналған препаратқа шығаруға 1,25 млрд доллар жұмсамақ. 3SBio деп аталатын дәрі Қытайда тәжірибеден өтіп жатыр.