Шетелдік банктер Қазақстанда филиалдарын ашуға қызығып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Банк секторы қозғалыста / Фото: kursiv.media мұрағаты
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда жаңа шетелдік банктердің филиалдары ашылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.

Қизатовтың сөзінше, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы банктер тарапынан қызығушылық бар. Бірақ нақты қандай қаржы ұйымдары екенін айтуға әлі ерте.

«Өкінішке орай, біз қазір банктердің нақты атауын айта алмаймыз, себебі олар банк нарығына кіру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ, сондықтан нақты ақпарат айта алмаймыз. Бірақ белгілі бір қызығушылық бар, неге? Қазір заңнамалық нормалар аясында біз банктер филиалын ашуға қатысты талаптарды жұмсартып жатырмыз», – деді Олжас Қизатов.

Ол соңғы бес жылда әлі ешқандай шетелдік банк Қазақстанда өз филиалын ашпағанын атап өтті. Енді банк филиалын ашуға қатысты талаптар төмендеген соң шетелдік банктердің ел нарығына кіруі процесі жылдамдай түседі деп сенеді.

Еске салайық, осы жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер туралы заң жобасын дайындады. Ондағы басты пункттердің бірі – банк филиалын ашу үшін жарғылық капиталы бұрынғыдай 20 млрд теңге емес 10 млрд теңгеге дейін төмендетілді.

Сондай-ақ оқыңыз