Shoqan school: Гарвардқа түскен түлектер соттың түпкілікті шешімін күтіп жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Гарвард университетіне оқуға түскен түлектердің АҚШ-та оқу үміті әлі үзілген жоқ / фото: shutterstock
Гарвард университетіне оқуға түскен түлектердің АҚШ-та оқу үміті әлі үзілген жоқ / фото: shutterstock

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің Гарвардқа грантқа түскен түлектері әлі де болса осы университетте оқу үмітін жоғалтқан жоқ. Өйткені олар жақында ғана АҚШ-тағы білім ордасынан жағымды хабар алды. Бұл туралы осы мектептің баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға хабарлады.

Америкалық Гарвард университеті төңірегіндегі жағдайды Алматыдағы Shoqan school білім беру мекемесі де жіті бақылап отыр.

«Біз АҚШ-та оқитын шетел студенттеріне қатысты жағдайдың қиындағанын алаңдаушылықпен қабылдадық. Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің оқушылары Гарвард университетінің грантын жеңіп алу, сол арқылы әлемдік деңгейде білім алғанын дәлелдеу үшін көп еңбектенді», – деп хабарлады мектептің баспасөз қызметі.

2025 жылы осы мектеп оқушысы Арман Сабыржан Гарвардтың компьютерлік инженерия бағдарламасы бойынша толық грантқа, ал Томирис Оспан экономика факультетіне түскен. Бұған қоса, Камилла Жандилдаева Berkeley университетінің Management, Entrepreneurship, and Technology (MET) бағдарламасына қабылданған.

«Өкінішке қарай, университет төңірегіндегі жағдайға байланысты, балалардың көңіл күйі түсті. Алайда жақында ғана түлектеріміз Гарвард университетінен үміт ұялататын жағымды хабар алды. Білім беру мекемесі соттың алғашқы кезеңі аяқталғанын, университет шетел студенттерін бірқатар бағдарлама бойынша оқыту құқығын сақтап қалды», – деп мәлімдеді Shoqan school.

Құрама Штаттардан келген жағымды хабар түлектерді ғана емес, жекеменшік мектеп өкілдерін де үміттендіріп отыр.

«Қазіргі таңда сот жалғасып жатыр. Біз АҚШ-та шетел студенттеріне оқу визасын беруге қатысты оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деп жазылған мектеп мәлімдемесінде.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Гарвардқа шетел студенттерін қабылдауға тыйым салған. Ал осы аптада Ақ үй әкімшілігі шетел студенттеріне оқу визасын беруді уақытша тоқтатқаны мәлім болды.

Гарвард басшылығы мен Трамп арасындағы теке-тірес 2025 жылғы сәуірде басталған. 14 сәуірде университет Трамптың антисемитизмге қатысты талаптарын орындаудан бас тартты. Артынша Ақ үй оқу орнының 2,2 млрд доллар көлеміндегі грантын бұғаттап тастады.

Гарвард университетінде Қазақстанның 17 азаматы оқып жүр. Олардың жетеуі «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алады.

Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп 2020 жылы ашылған. Білім беру мекемесінің негізін Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышев қалаған. Кәсіпкерлер әлемнің үздік 10 оқу орнына түскен түлектердің оқу ақысын төлеуге әзір.

Сондай-ақ оқыңыз