Теңізшевройл мұнай компаниясының басшысы ауысады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы ең ірі мұнай компаниясына жаңа басшы келеді / фото: ТШО, бильд-редактор Милош Муратовский
Қазақстандағы ең ірі мұнай компаниясына жаңа басшы келеді / фото: ТШО, бильд-редактор Милош Муратовский

Теңізшевройл мұнай компаниясының бас директоры ауысқалы жатыр. 10 маусымнан бастап осы қызметті Уильям Лакоби атқарады. Бұл туралы ТШО хабарлайды.

«Бүгін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) компания басшылығында болатын өзгерістерді ресми түрде хабарлады. 2025 жылғы 10 маусымнан бастап ТШО бас директоры лауазымына Уильям Лакоби тағайындалады. Ол бұл қызметте 2021 жылдан бері бас директор болған Кевин Лайонның орнын басады», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.

Кевин Лайон америкалық Chevron компаниясының бас кеңсесіндегі жаңа басшылық қызметке тағайындалды. Топ-менеджердің басшылығымен компания Келешек кеңею жобасын сәтті жүзеге асырды деп мәлімдеді ТШО.

«Бүгін жаңа тараудың беті ашылады – ТШО ұжымы Қазақстан игілігіне қызмет етуін әрі қарай да жалғастырады деген нық сеніммен, қызметімді Уильям Лакобиге тапсырамын. Қазақстан үкіметіне, ТШО акционерлеріне, адал қызметкерлеріміз бен бизнес-серіктестерімізге және Атырау халқына жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдауы мен ынтымақтастығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Лайон.

Теңізшевройл жаңа бас директоры туралы мәлімет

Уильям Лакоби 31 жылдық тәжірибесі бар топ-менеджер. Ол АҚШ, Ангола және Индонезиядағы Chevron бизнес бөлімшелерінде әртүрлі инженерлік-техникалық және басшылық қызметтер атқарған.

2021 жылдан бастап ол Оңтүстік Африкадағы Chevron стратегиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры қызметін атқарып келді. Ангола мен Конго Республикасындағы активтерге жауапты болды.

«ТШО бас директоры болу мен үшін үлкен мәртебе. Теңіз кен орны техникалық тұрғыдан дүние жүзіндегі ең күрделі кеніштердің бірі. Қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету, Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосу – компанияның басты бағыты болып қала береді» – деді Лакоби.

Теңізшевройл – америкалық ірі Chevron корпорациясына еншілес компания. Ол Қазақстандағы ең ірі Теңіз мұнай кен орнын игереді.

Сондай-ақ оқыңыз