Қазақстан экономикасы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан 5,1 %-ға өсті – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев: Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында Қазақстанның  суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына көшкенін атап өтті.

Мемлекет басшысы соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілгенін мәлім етті. Президенттің айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру.

Тоқаев елдің саяси жүйесінде де маңызды өзгерістер орын алғанын айтты. Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсалып жатқанын да тілге тиек етті.

«Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Тоқаевтың айтуынша, мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған және бұл қадам саяси жүйені нығайтуға, экономиканы дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады.

«Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан экономикасы 2024 жылы 5,1%-ға өсті

Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар жайлы да айтып өтті. Парламент азаматтық қоғам өкілдерімен және жаңа саяси партиялар мүшелерімен толықты. Сонымен қатар, әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қосымша квота берілгенін де жеткізді.

Мемлекет басшысы реформалар тұрақсыз геосаяси жағдайда қолға алынғанын ескере отырып, стратегиялық бағыттан айнымайтынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы 2024 жылы 5,1 пайызға өскен. Шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетсе, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз