Сауда соғысының басты қаупі – тарифте емес, сенімнің жоғалуы – Турлов

Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов соңғы уақытта жаһандық нарықта туындаған сауда соғыстарының бизнеске әсері туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси қақтығыстар мен тарифтік өзгерістер көптеген компанияларды алаңдатып отыр.
«Сауда соғыстарының басты мәселесі – бұл сенім мен тұрақтылықтың бұзылуы. Бұл екі ұғым жылдар бойы қалыптасты, оларды жоғалту оңай, бірақ қалпына келтіру өте қиын», – деді Тимур Турлов Астана халықаралық форумында.
Десе де, оның айтуынша, сауда соғыстарына қарамастан, әлем өте тиімді әрі өзара тығыз байланыста. Сандық технологиялардың көмегімен бұрынғыдай кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік бар.
«Егер біз кейбір сауда серіктестерімізді жоғалтсақ, қалғандарынан тәуелділігіміз арта түседі. Бірақ, екінші жағынан, қазіргі әлем – өте тиімді жүйе. Бір елге тариф енгізілген жағдайда, басқа ойыншылар тауарды өзге елге жеткізіп, кейін оны қайта экспорттау жолын табады. Қазіргі әлем – сандық, тиімді және өте жақсы байланысқан», – деді Турлов.
Сауда соғыстарының басты қаупі неде?
Тимур Турловтың айтуынша, сауда соғыстарының шынайы қаупі – бұл тарифтердің өзі емес, ондаған жылдар бойы қалыптасқан сенімнің шайқалуы. Ол АҚШ пен Еуропалық Одақтың ұзақ уақыт бойы тұрақты, болжамды және нақты ережелерге сүйенетін серіктес бейнесін қалыптастырғанын атап өтті.
Алайда қазіргі жағдайда «бүгін тарифтер екі есе артады, ертең күшін жояды» деген саясат бизнесте белгісіздік туғызып, халықаралық жеткізу кезінде компанияларды қосымша тәуекелдермен есептесуге мәжбүрлеп отыр.
«Қор нарығы жаһандық саясаттың жаңа стиліне жауап беріп жатыр: бұрын-соңды болмаған өсімдер мен құн жоғалту кезектесіп отыр. Бұл өте ерекше құбылыс. Бірақ егер сенім толықтай жойылса, оны қалпына келтіру оңай болмайды», – деді ол.
Турловтың пайымдауынша, дамыған елдер қазіргі таңда тиімділік жағынан жаңа экономикалық орталықтарға жол беріп жатыр. Алайда оларды мықты етіп тұрған – сенім, институционалдық тұрақтылық және алдын ала болжанатын саясат.
«Біз Азия елдерінде қазір жас, техно-оптимистік халық көп екенін көріп отырмыз. Бұл өнімділіктің өсуіне үлкен серпін береді. Меніңше, цифрландыру дәл осы елдерге – ерте бейімделушілерге – бұрын бұл технологияны жасап шығарған елдерден де көп пайда әкелуі мүмкін», – деді Турлов.
Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропа көптеген технологияларды әлі де жасап жатыр, бірақ оларды алғаш болып енгізе бермейді. Бұл өз кезегінде оларға кері әсер етуі мүмкін. Форум соңында Турлов АҚШ басшылығының болашақтағы сауда келіссөздерінде парасаттылық танытатынына сенетінін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін форумда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы 5,1% өскенін айтқан.